Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданының аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Әйтеке би кентінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Бір айға жуықтаған халық алдындағы есеп беру  жиынының қорытынды кездесуінде Мұхтар Әуесұлы  2022 жылы жүзеге асырылған оң өзгерістерді баяндап шықты. Тұрғындарға есеп берген хабарламасында алдағы атқарылар ауқымды бастамаларды таныстырды. Жағымды жаңалықты естіген қазалылықтар ел ішіндегі жыл сайын атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға іштей разылықтарын білдіріп, көңілдері бірленді.

Халық тақтайдай тегіс жолды аңсайды

Естеріңізде болса, былтыр қыркүйекте Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға арнаған Жолдауында елдегі автожолдардың жай-күйіне қысқа да, нұсқа тоқталған болатын. Қайта-қайта халықты шулатып, көтерілген бұл күрмеулі түйткілді Мемлекет басшысы Үкіметке 2025 жылға дейін шешуді тапсырған еді. 

«Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 процентін жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Ауданда осы тапсырма бойынша көптеген көше күрделі жөндеуден өтті деуге болады. Қараңғы көше бойынан жарық шамдар  да бой түзеді. Нақтырақ айтсақ, өткен жылы Әйтеке би кентінде 10 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, 3 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынып, 4 көшеге түнгі жарықшамдар орнатылды. 

Сонымен қатар, биыл Аймақаш мөлтек ауданындағы жаңа кварталдарды жолмен қамтамасыз ету шаралары қолға алынды. Жоспарға сай Жанқожа батыр мен Әйтеке би көшелері қайта жаңғыртылады деп күтілуде. Бұл ретте нақты жобасы дайындалып, мемлекеттік бағдарлама аясында қаржыландыруға ұсынылды. 

Биыл Әйтеке би кенті бойынша 37 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Алдағы уақытта Қазалы ауданының негізгі автожолдары тақтайдай тегіс күйге енеді деген үміт зор. 

Қазалыда қордайланған мәселе көп

Қасиетті Қазалы топырағынан ықылымнан небір халықтың  түн тыныштығын қорыған батырлар шыққан. Бүгінде сол асылдардың ізін жалғаған елдің намысын қорғап, сырт елдерде және аймақтарда спорт саласынан өздерін көрсетіп жүргендер қатары көбеюде. Осыған орай бірнеше жылдан бері салауатты өмір салтына қызығушылық танытқан жергілікті тұрғындар үшін Қазалыда ойын алаңдары мен дене жаттығуын артатын зәулім ғимараттар салу жөніндегі спотсүйер қауымның ұсыныс-пікірі мен өтініштері айтылып келеді. Соның нәтижесінде ауданда бірқатар шара жүзеге асқан. Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы аралығындағы 600 гектар жерге ауыз су, электр желілері мен жол жүргізу үшін жоба құжаттары дайындалды. Әйтеке би кенті аумағынан 4  спорт  алаңы ашылды. Алдағы күндерге жоспарлаған жоба бойынша орталық «Жеңіс» саябағынан спорт кешенін салу көзделуде. Көп қабатты 4 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтеді деп күтілуде. Былтыр басталған 18 пәтерлі 6 жалдамалы үйдің аумағын көркейту-абаттандыру жұмыстары биыл толық аяқталады деп жоспарға енгізілді.  Сонымен биыл Қазалы ауданының әлеуетін әлде де арттырар шаруалар легі кезең-кезеңімен іске асады деген сенім мол. 

Торқалы басқосу барысында аудан басшысы Мұхтар Оразбаев Әйтеке би кенті тұрғындарының ұсыныс-пікірлеріне мән берді. Дегенмен көңілі дарқан тұрғындар өткен жылы ауданда атқарылған жұмыстарға оң бағаларын берді. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер жолын салу, жол кедергілерін орнату, түнгі жарықтандыру, қоғамдық көлік қиындығы туралы өтініш-тілектерін жеткізді. 

Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Әуесұлы айтылған мәселелерді алдағы уақытта рет-ретімен шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді. Сондай-ақ , аудан әкімі құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге қазалылық азаматтарды жеке қабылдады. Тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, Әйтеке би кентінің әкімі мен сала басшыларына нақты әрі тиісті тапсырмалар тапсырды. 

Айта кеткен жөн, аудан басшысы Мұхтар Оразбаевтың халық алдындағы қорытынды есебі осымен тамамдалды. Десек те, Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев тың ресми жарлығына сәйкес жаңа форматтағы халық алдындағы есептік кездесу тоқсан сайын өтуі тиіс. Келесі халық алдында есеп беру жиынында берген уәделер іске асырылды ма, жоқ па, оны өз уақытында білетін боламыз.

Тағы да оқыңыз: