Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевтың тұрғындармен кездесуі Бірлік және Өркендеу ауылдық округтерінде жалғасты.
Қазалы ауданында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар аз емес. Жыл басынан бері бірқатар түйткілдердің түйіні тарқатылып, оң шешімін тауып келеді. Бұл жайында аудан басшысы бірлігі жарасқан Бірлік ауылындағы ағайынмен де бөлісті. Кезек тұрғындар талап-тілегін тыңдауға келгенде округ халқы жол жайын сөз етті. Оған қоса «Қоламсақ» бағын қайта жаңғырту мәселесін қозғады.
Мұхтар Әуесұлы қойылған сауалдарға жеке-жеке тоқталып, жан-жақты түсіндіріп берді. Сонымен қатар келесі айда елді мекенде өтетін ауыл күні назарда екенін жеткізіп, жиналған көпшілікті маңызды күнде бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Мұнан соң аудан басшысы көркі көз тартатын Жанкент ауылына ат басын бұрды. Елді мекен тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлеріне құлақ асты. Ауыл-елдің амандығын сұрап, ауданда атқарылып жатқан шаруаларға тоқталған Мұхтар Әуесұлы алдағы уақытта қолға алынатын жоспарлармен де бөлісті.
Округ саябағындағы ашық кездесуде тұрғындар спорт кешенін сұрап, бұлақ мәселесін көтерді. Спорт кешені бойынша жауап берген аудан басшысы қажетті жұмыстар жасалып жатқанын жеткізсе, аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов Өркендеу ауылындағы бұлақ жоспар бойынша келер жылы реттелетінін айтты.
Бұдан бөлек, басқосуда жеке мәселелерде қозғалды. Әрбір тұрғын аудан әкімінен бастап тиісті сала басшыларының тұшымды жауабына қанағаттанып, ризашылықтарын білдірді.