Kyzylorda-news.kz. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың дәстүрлі есебі Қазалы қаласында наурыз айының алғашқы күніне тұспа-тұс келді. Есепті кезеңде халықтың әл-ауқатымен қатар, ертеңгі күнге деген сенімі де арта түскені анық аңғарылды. Маңызды басқосуда Мұхтар Әуесұлы өткен жылы атқарылған біршама жұмыстары мен нәтижесіне тоқталды. Сонымен бірге ағымдағы жылдың жағымды жаңалықтарын да атап өтті.

Былтыр шағын қалаларды дамыту аясында қаланың электр желілері қайта жаңғыртылып, 13 көше жарықтандырылып, 12 ішкі көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жалпы қаладағы көше жолының жағдайы жаман емес. Бұдан бөлек қала тұрғындарын қуанышқа бөлеген 140 орындық «Өрімтал» балабақшасының лентасы қиылды. Ү.Түктібаев көшесінен шағын футбол алаңы салынып, пайдалануға берілді. Жаңа спорт кешенін салу үшін де жобасы әзірленген. Ал алға қойған мақсат-міндеттер жетерлік. Атап айтқанда, биыл қала ішіндегі 15 көше жөнделді. Тағы 10 көшені қайта жаңғырту мен 26 көшенің электр желілерін жаңартудың жоба құжаттары дайындалмақ. 

Сонымен қатар Қазалы қаласынан жалдамалы 10 арендалық тұрғын үй құрылысын салу жоспарланған. Дайындалған жобалар облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына ұсынылды. Б.Қосаев көшесінен спорт ойын алаңы салынып, М.Ерлепесов көшесіндегі спорт алаңы жөнделеді. Қазалы қаласындағы 180 гектар жер учаскесіндегі тұрғын үйлерге сервистік ауыз су желісін тарту жұмыстарының жоба-сметалық құжаттары әзірленеді. Бір қуантарлығы, тапсыру мезгілінен асып кеткен қала мен кент арасындағы төрт жолақты жол жұмыстары осы жылы аяқталады деп күтілуде. 

Есепті кездесуден кейін Қазалы қаласының тұрғындары аудан басшысы Мұхтар Оразбаевтың қабылдауында болды. Олардың басым бөлігі жеке кәсіп жайын сөз қылды. Бірі қаладан бассейн орталығын ашу туралы пікірін жеткізсе, келесілері дүкен мен газоблок өндіргісі келетіндіктерін және оны қалай жүзеге асыруға болатындығын сұрады. Қала тұрғындарының кәсіпке деген қызығушылығына оң баға берген Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Әуесұлы қалада инфрақұрылымдық мәселелердің азайғандығын және мұндағы жүргізіліп жатқан қарқынды жұмыстың барысы оңтайлы екендігін білдірді. Міне, осылай қалада жыл он екі ай бойы жеткен жетістіктері мен кеткен кемшіліктер талқыланып, сараланды. Сәйкесінше, арнайы жоспар құрылды. Енді алдағы уақытқа нақты мақсаттар айқындалды, оларды жүзеге асыратын міндеттер де жетерлік.

Тағы да оқыңыз: