Kyzylorda-news.kz. Қазалы аудан әкімі Мұхтар Оразбаев «Жалаңтөс батыр» ЖШС-ның күріш алқабына барып, егістікті суға бастыру жұмыстарымен танысты.
Қазіргі таңда Сырдария өзеніндегі су деңгейінің аз болуына байланысты барлық шаруашылықтардың егіс алқабтарын суландыру жұмыстарында қиындықтар бар. Осының салдарынан кей каналдарға мүлде су жетпей тұр.
Бұл мәселені ішінара шешу мақсатында «Жалаңтөс батыр» ЖШС-і «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің биыл су тапшылығының алдын алуға байланысты алған екі насосын пайдалануда.
Шаруашылықтағы қиыншылықтар мен маңызды мәселелер жөнінде «Жалаңтөс батыр» ЖШС директоры Қасқырбай Әлімбай аудан басшысына егжей-тегжейлі айтып берді.
«Жалаңтөс батыр» ЖШС дихандары биыл бес жүз гектар жерге күріш еккен. Аталған аумақта елу гектар мақсары, жүз елу гектар жаңа жоңышқа, төрт жүз гектар ескі жоңышқа күтіп бапталуда. Қазіргі таңда мұнда алғашқы суға бастыру жұмыстары жүріп жатыр.
Мұхтар Әуесұлы шаруалардың жұмысына сәттілік тілеп, биылғы жылы жоғары көрсеткіш көрсетіп, молшылықта қауышуды айтты.
Айта кетейік, аудан әкімі бұдан бөлек Ақтан батыр ауылындағы «Сыр маржаны» ЖШС-нің күріш алқабымен де танысты.
