Kyzylorda-news.kz. Байланыс саласы – ел өмірінде маңызды рөл атқаратын, аса қажетті қызметтердің бірі. Өйткені, айлық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған байланыс саласының қызметкерлерінің еңбегі орасан зор. Осы ретте, бүгін Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап Әйтеке би кентіндегі бірқатар мекемелерді аралап, байланыс саласының қызметкерлерімен кездесті.
Аудан басшысы алдымен «Қазақтелеком» АҚ аудандық телекоммуникация торабына барып, қызметкерлерімен кездесті.
Ұжым қызметкерлері аудан тұрғындарын телефон байланысы және жылдам интернетпен қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы мекеме басшысы Нұрлан Нұрманов айтып берді.
Мұхтар Әуесұлы мұнан соң «Қазпошта» АҚ аудандық пошта торабының жұмысын көрді. Мекеме директоры Жайлаубай Нұрбаев тұрғындарды қолжетімді сапалы қызмет түрлерімен қамтамасыз ету үшін пошта байланыс бөлімшелерінің жұмысы автоматтандырылып жатқанын жеткізді.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ұжым қызметкерлерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

