Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевтың халықпен кездесуі Майдакөл, Ақжона және Алға ауылдық округтерінде өтті.
Ауыл тұрғындарымен кездесуде Мұхтар Әуесұлы алдымен ауданда атқарылған игілікті істерді тілге тиек етіп, алдағы жоспарымен бөлісті. Сонымен қатар, үшінші тоқсанның қорытындысымен өткен кездесуде көтерілген мәселелердің орындалу барысымен таныстырды.
Еркін форматта өткен кездесулерде негізінен халықтың ой-пікірлерін, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдауға маңыз берілді.
Бекарыстан би ауылдық мәдениет үйінде өткен басқосуда Елемес Абашов елді мекеннен аурухана салу мәселесін көтерді.
Ал, ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Құралай Бекжанова ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымды екенін айтып, алғысын білдірді. Сондай-ақ, елді мекен көшелері асфальтталып, жарықшамдар орнатылғанын да мақтанышпен жеткізді.
Майдакөл ауылының тұрғындары да елді мекенде атқарылған жұмыстарға дән риза екенін жеткізіп, оған бірнеше себеп бар екенін атап айтты. Өткен жылы ауылдағы ауыз су сервистік желіге қосылып, елді мекендегі электр желілері мен бағаналар жаңартылды. Биыл ауылдың орталық көшесі асфальтталды.
Аудан әкімімен өткен кездесуді майдакөлдіктер алдымен алғыс айтудан бастады.
Мұнан соң ауыл маңындағы каналдарда судың жоқ болуы халыққа қиындық туғызып отырғанын жеткізді. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрадин Пәуеш елді мекенде қолындағы қос кейуананы бағып-қағып отырған келінді тұрақты жұмысқа орналастыру жөнінде ұсыныс айтты.
Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев атындағы ауыл тұрғындары да бірнеше мәселелерді аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың назарына ұсынды.
Олардың қатарында елді мекендегі ішкі көшелерді асфальттап, жарықшамдар орнату, жайылымдылық жерлерді суландырып, скважина қазу, жаңадан асфальтталған көшеге жол кедергісін орнату және тағы басқа да мәселелер бар.
Тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселеге аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жеке-жеке тоқталып, барлығына жауап берді.
Кейбір мәселелерге байланысты тиісті бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары да түсініктеме беріп, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Кездесулерден соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудан прокуроры Дарын Әбіш тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Сондай-ақ, елді мекендердегі білім ордаларына арнайы барып, мектептердің жай-күйімен танысты. Ү.Түктібаев ауылына сапары кезінде Мұхтар Әуесұлы елді мекенде салынып жатқан спорт кешеніне арнайы барып, құрылыстың барысын көрді. Мердігер мекеменің жауапты қызметкерлері мен тиісті сала басшыларына құрылыс жұмыстарын сапалы аяқтауды тапсырды.
Халықпен кездесуге аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.


