maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқаппен бірге Әйтеке би кентіндегі абаттандыру жұмыстарының барысын көрді.

Қазіргі таңда аудан орталығы – Әйтеке би кентіне кіре берісінде қызу жұмыстар жүргізілуде. Мердігер мекеме Ерімбет Көлдеубекұлы көшесі бойынан жаяу жүргіншілер жолын орнатып, балалар ойын алаңын салуда. Сондай-ақ, халықаралық стандартқа сәйкес жасанды төсенішпен кіші футбол ойнайтын алаң мен басқа да тұрғындар демалатын орындар жасап жатыр.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тұрғындар игілігі үшін пайдалануға берілетін орындардың сапасы жоғары болу қажеттігін атап айтты. Сондай-ақ, мердігер мекеме белгіленген кестеден кешігіп келе жатқанын тілге тиек етіп, мерзімінде аяқтауды тапсырды. Абаттандыру жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау үшін жұмысшылар санын көбейту қажеттігін жеткізді.

Мұхтар Әуесұлы аудан орталығын аралау барысында теміржол вокзалы жанында орналасқан Жалаңтөс батыр ескерткіші орналасқан алаңға да арнайы барды. Мұнда аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Орысбек Жәмшейітовке батыр баба ескерткіші орналасқан аумақта тазалық сақтау мәселесіне назар аударып, қоршауларына әрлеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

казалы.jpg

Тағы да оқыңыз: