maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзіне қатысты Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сарапшылық тобының мүшесі Аман Абасилов пікір білдірді. 

«Әрбір халықтың біртұтас ұлт ретінде сақталуы мен дамуының өзіндік айқын ерекшелігі, басты белгісі болады. Күллі Қазақстан халқының ұлт ретінде ұйысуы мен болашақта дамуының басты тірегі – оның қасиетті тілі. Сондықтан да ұлы дала ойшылдары Әл-Фараби, Қорқыт ата, Ж.Баласағұни, М.Қашқари, А.Йассауилерден бастап Абай, А.Байтұрсынұлы, Б.Момышұлы, бүгінгі президентіміз Қ.Тоқаевқа дейін тілдің этносты сақтайтын, біріктіретін бірден бір идеология екенін мұра айтып та келеді.
Осы ойды, осы идеяны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде тағы да нақтылап түсіндіріп өтті. Ол өз сөзінде: «Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді. Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек», - деген тұжырым жасады.
Мемлекет басшысы ел халқының ана тілі мен мемлекеттік тілді меңгеруіне қатысты ойын былайша сабақтайды: «Қазақ тіліне сұраныс артқанда ғана ол көпшілік кең қолданатын тіл болады. Түптеп келгенде, бірнеше тіл білу – әр адамның мәдениеттілігінің белгісі. Ал мемлекеттік тілді, әсіресе ана тілін, яғни қазақ тілін білу – қандай да бір азаматтың мәдени өресі, азаматтық жауапкершілігі қаншалықты биік екенін білдіреді. Сондай-ақ қаншалықты патриот екенін көрсетеді». Мұны елдегі жүргізіліп жатқан тіл саясатының болашақтағы бағыт-бағдарын айқындауға негіз болатын стратегиялық қадамы деп айтуға болады», - деді Аман Абасилов.

Тағы да оқыңыз: