Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданында 27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай «Театр – өмір айнасы» атты драма ұжымдарының аудандық фестивалі өтті. 

Аудандық театр ұжымдары фестиваль нәтижесі бойынша Абай ауылындағы №90 мектеп оқушылары жүрек жылытар «Дауыл әкелген дәрігер» атты көрінісін сәтті сахналап, «Үздік қойылым» номинациясын иеленді.  Ал «Үздік режиссер» номинациясы Бозкөл ауылдық мәдениет үйінің драма үйірмесінің режиссері Ляззат Тәңірбергеноваға бұйырса, «Үздік әйел бейнесін» Түктібаев ауылынан келген Назерке Дәулетжанова иеленді. Сонымен қатар, Жалаңтөс батыр ауылының өнерпазы Ербол Ізтілеуов «Үздік ер адам бейнесін» қанжығаласа, өркендеулік Болатбек Рсалы «Үздік актерді» алды. Басқа да, «Ең жас актер» мен «Көрермен көзайымы» бағамы басықаралық Нұрсат Қожабаев пен Бекарыстан би ауылынан келген Шерхан Тілеуназарға бұйырды. 

Рухани азыққа қаныққан жұрт көңілі көншіп, сахна төрінен орын алған марапат иелері ыстық ықылас пен ду қол шапалаққа бөленді.

Айтулы датада ауданда «Абай» қойылымы сахналанды. Қазалылық көрермендер Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы желісіндегі қойылымды тамашалады. Қ.Пірімов ауылындағы Қ.Күлетов атындағы №92 мектептің оқушылары сахналаған спектакльге аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов арнайы барды.

Қойылымда дала кемеңгерінің ақындық әлемін қамти отырып, сол заманның бет-бейнесін ашып көрсетілді. Сондай-ақ, Абай рухының ұлылығы мен талантының сан қыры асқан шеберлікпен бейнеленді. Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, тіліміз бен дінімізді берік ұстауды дәріптеді. 

Қойылым соңында аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов сахнада жан-дүниесімен беріліп ойнаған оқушылардың актерлік шеберліктеріне риза болып,  ауылдан осындай өнерлі өрендердің шығып келе жатқаны қуантатынын жеткізді. Халыққа ерекше көңіл күй сыйлаған өнерпаздарға аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың Алғыс хатын табыстап, шығармашылық табыс тіледі.

337880036_704323358047286_7200968468621960135_n.jpg
337526202_774601787441049_5503799964093901970_n.jpg

Тағы да оқыңыз: