Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданында қазан айының 12-21 күндері Қазалы ауданының аумақтық қорғаныс батальонымен «Қалқан-2025» арнайы тактикалық оқу-жаттығу жиыны өткізілуде.
Осыған сәйкес, Әйтеке би кенттік мәдениет үйінің ғимаратында оқу-жаттығуға қатысатын аумақтық әскери міндеттілердің қатысуымен арнайы жиын өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов, Қызылорда облысы әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі Нұрболат Сейітов және №99 215 әскери бөлімінің командирі Шайзатхан Абжапбаров бастаған бірқатар азаматтар қатысты.
Жиында әскери міндеттілерге «Қалқан-2025» арнайы тактикалық оқу-жаттығуның мақсаты түсіндірілді.
Оқу-жаттығудың мақсаты - аудан халқын, аумақтық қорғаныс объектілерін және аумағын жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында қарсыластың әрекеттерінен қорғау болып табылады. Бүгінгі күнде ауданмыздың әскери міндеттілерінен 91 қазалылық азамат оқу жаттығуға қатысуда. Әскери жиынға шақырылған азаматтар 10 күн бойы Қазалы қаласындағы «Шағала» лагерінде орналасқан казармада тұратын болады. Олар теориялық білімдерін бекітіп, оқу полигонында атыс дайындығынан өтетін практикалық сабақтарға қатысады.
Бұл жиындар – жай ғана әскери дайындық емес, әскери міндеттілер арасында бірлікті, үйлесімділікті және жауапкершілікті нығайтудың құралы. Әрбір қатысушы ұлттық қауіпсіздік жүйесіндегі өз рөлінің маңызын түсінеді. Мұндай шаралар азаматтардың кез келген қатер жағдайында әрекет етуге дайын болуының кепілі.