Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданында тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы қатынасын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның бірі – ғасырдан астам тарихы бар Қазалы теміржол вокзалын жаңғырту және жаяу жүргіншілер көпірін салу жобалары.
Өткен жылы «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының қолдауымен вокзал ғимаратын кешенді жаңғырту жұмыстары басталды. Жоба аясында ғимараттың негізгі конструкциялары күшейтіліп, шатыры жаңартылды.
Сонымен қатар, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында күту залдары заман талабына сай қайта жабдықталды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған қолжетімді орта қалыптастырылып, қауіпсіздік жүйелері жаңартылды. Вокзал аумағында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Тарихи келбетін сақтай отырып жаңғыртылған нысан алдағы уақытта жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға және ауданның көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.
Ауданда жүзеге асырылған тағы бір маңызды жоба - теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы. Биыл пайдалануға берілген аспалы көпір тұрғындардың ұзақ жылдан бері көтеріп келген мәселесін шешті.
Бүгінде теміржолдың арғы бетінде орналасқан Әйтеке би кентінің бөлігінде 13 мыңға жуық тұрғын өмір сүреді. Жаңа өткелдің іске қосылуы олардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз етті.
Жалпы, Қазалы ауданында жүзеге асырылып жатқан мұндай инфрақұрылымдық жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырумен қатар, елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсартуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруде.

Бірнеше жыл бойы тоқтап тұрған Қарлан учаскесіндегі көпір құрылысы қайта жанданып, құрылыс алаңында қарқынды жұмыс басталды. Қазалы ауданындағы стратегиялық маңызы бар нысанның іске қосылуы оннан астам елді мекеннің көлік қатынасын жақсартып, мыңдаған тұрғынның тұрмыс сапасына оң әсер етпек.
Қазір нысанда көпірдің негізгі тірек құрылымдарын орнату және бетондау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін 84 дана қада толық қағылып, сегіз тіректің төртеуі орнатылған. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Нысанда 14 арнайы техника мен 25 жұмысшы еңбек етуде.
Жоба аясында Сырдария өзені арқылы өтетін өткелдің жалпы ұзындығы 2,5 шақырымды құрайды. Оның ішінде көпірдің ұзындығы - 248,29 метр, ал кірме жолдар 2,3 шақырымға созылады. Сонымен қатар, жол бойына жарықтандыру жүйелері орнатылып, қажетті инфрақұрылым толық қарастырылған.
Жоба толық аяқталғаннан кейін Өркендеу, Бірлік, Қожабақы, Аранды, Бозкөл, Тасөткел, Лақалы, Ажар, Тасарық және Кәукей ауылдарының тұрғындары үшін қатынас мәселесі едәуір жеңілдейді. Нәтижесінде 10 мыңнан астам халықтың әлеуметтік және экономикалық байланысы нығайып, өңірдің дамуына жаңа серпін берілмек.

Қазалы ауданында бұқаралық спортты дамыту және ауыл жастары үшін заманауи спорт инфрақұрылымын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар жалғасуда. «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы аясында Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылында бой көтеріп жатқан екі спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын.
Әйтеке би кентінде, Қазалы мәдени-демалыс кешені аумағында салынып жатқан спорт кешенінде ішкі әрлеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда ғимарат ішінде сылақ жұмыстары, кафель жапсыру, жылу жүйелерін орнату және абаттандыру жұмыстары қатар атқарылып жатыр. Нысан заманауи стандарттарға сай жабдықталып, тұрғындардың еркін спортпен шұғылдануына толық жағдай жасалуда.
Ал Қожабақы ауылындағы спорт кешенінде құрылыс жұмыстары толық аяқталу кезеңіне өтті. Бүгінде ғимараттың сыртқы жұмыстары тәмамдалып, ішкі әрлеу, сырлау және сәндеу жұмыстары жүргізілуде. Инженерлік инфрақұрылым толық тартылып, нысанды пайдалануға беру бойынша соңғы дайындықтар жүргізілуде.
Аталған спорт кешендері пайдалануға берілген жағдайда ауыл тұрғындары үшін қолжетімді спорт алаңдары көбейіп, жастардың спортқа қызығушылығын арттыруға және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға мүмкіндік туады.
Айта кетейік, бұған дейін Бекарыстан би ауылында да жаңа заманауи спорт кешені ел игілігіне берілген болатын. Бұл жобалар Қазалы ауданында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі болып отыр.

Қазалы ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары бірнеше елді мекен көгілдір отынға қосылып, инфрақұрылымдық даму қарқыны айтарлықтай артты.
Атап айтқанда, 2022 жылы Басықара, Қ.Пірімов және Жалаңтөс батыр ауылдары табиғи газ жүйесіне қосылған болатын. Ал 2024 жылдың соңында Абай ауылы толықтай көгілдір отынға қосылды. 2025 жылы Ақтан батыр ауылында да газдандыру жұмыстары толық аяқталып, тұрғындар табиғи газ игілігін пайдалануға мүмкіндік алды.
Осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде 2024 жылы Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Түктібаев елді мекендеріне газ жеткізу магистралдық құбырларының құрылысы жүргізілді. 2025 жылы аталған жобалар жалғасып, негізгі жұмыстар толық аяқталды. Нәтижесінде елді мекендерді газдандыру инфрақұрылымы қалыптастырылды.
2026 жылы Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Түктібаев ауылдарында орамішілік газ желілерін салу жұмыстары басталды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, әр елді мекенді толық қамту көзделген.
Сонымен қатар, аудан бойынша газдандыруды кеңейту мақсатында Ақсуат және Байқожа ауылдарына орамішілік газ желілерін тарту, сондай-ақ Өркендеу, Бірлік, Қожабақы және Аранды ауылдық округтеріне магистралдық газ желілерін жеткізу бойынша жобалық құжаттамалар әзірленген.
Жалпы, аудан аумағында көгілдір отынмен қамту деңгейін арттыру - тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, әлеуметтік жағдайды көтеруге және экологиялық ахуалды оңалтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып отыр.

Қазалыда жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында бірқатар жобалар жүзеге асуда. Сол жобалардың бірі - Әйтеке би кентіндегі «Жанқожа батыр көшесінің айналма жолын қайта жаңғырту» жобасы.
Қазіргі таңда нысанда жер тегістеу, тас төсеу, каналдарға темірбетон плиталарын орнату жұмыстары толық аяқталып, жолға қара шебін төсеу мен асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Жобаның жалпы ұзындығы 3,192 шақырымды құрайды. Айналма жол құрылысы шілде айына дейін толық аяқталып, пайдалануға берілу жоспарлануда.
Аталған айналма жол кент орталығындағы көлік қозғалысын реттеуге, Жанқожа батыр көшесіндегі жол жүктемесін азайтуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі.
Жалпы аудан орталығында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта В. Счастнов орамы, Жанқожа батыр көшесінің 3 шақырымдық бөлігі, Төремұрат жырау орамы, Ы. Жақаев және Ш.Қалдаяқов көшелерін қоса алғанда 13 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Р.Сабырбаев, С.Сейфуллин, Біржан сал, Жалаңтөс батыр, Ж.Аймауытов, М.Шоқай және С.Сүлейменов көшелеріндегі тозығы жеткен асфальт жабындарын жаңарту жұмыстары қолға алынған.
Жол жөндеу жұмыстарымен қатар тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында жаяу жүргіншілер жолдарын салу жобалары да жүзеге асуда. Бүгінде Т.Бөріқұлақов және Жетес би көшелерінде жаңа жаяу жүргіншілерге арналған жол салынуда. Ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын Т.Бөріқұлақов көшесі мен 1,6 шақырым болатын Жетес би көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолдарына асфальт төсеу жұмыстары басталады.

