Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауда. Бүгінгі таңда ауданда аталған аурудың 1 нақтыланған және 2 күдікті жағдайы тіркелді.
Тіркелген науқастар Ү.Түктібаев елді мекенінің және Әйтеке би кентінің тұрғындары болып табылады. Олар дене қызуының көтерілуі мен жалпы жағдайының нашарлауына байланысты медициналық көмекке жүгінген. Эпидемиологиялық анамнез жинау барысында науқастардың кене шаққаны және ауыл шаруашылығы малдарына күтім жасағаны анықталған.
Қазіргі уақытта науқастар оқшауланып, жұқпалы аурулар бөлімінде тиісті ем қабылдауда. Ауру ошақтарында індетке қарсы және санитариялық-эпидемиологиялық іс-шаралар жүргізілуде.
Сонымен қатар, аудан бойынша жыл басынан бері кене шаққан 26 тұрғын медициналық ұйымдарға жүгінген. Олардың барлығы 14 күндік медициналық бақылауға алынып, денсаулық жағдайлары тұрақты қадағаланған.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – табиғи ошақты аса қауіпті вирустық жұқпалы ауру. Аурудың негізгі тасымалдаушылары – кенелер. Вирус табиғи ортада кенелердің, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларының, оның ішінде қой, ешкі, сиыр және жылқының ағзасында сақталады.
Ауру адамға көбінесе кене шаққан кезде жұғады. Сонымен қатар, мал қырқу, мал сою, жіліктеу, кенені жалаң қолмен алу немесе жаншу барысында жұқтырған кененің биологиялық сұйықтықтарымен жанасу арқылы да инфекция жұғуы мүмкін. Медициналық қызметкерлер үшін де қауіп бар, себебі науқастың қаны немесе басқа биологиялық сұйықтықтары қорғаныс талаптары сақталмаған жағдайда жұқтыру көзіне айналуы ықтимал.
Мамандардың айтуынша, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ересектермен қатар балалар мен жасөспірімдер арасында да кездеседі. Әсіресе ауылдық жерлерде мал бағу, қора тазалау, шөп жинау сияқты жұмыстарға қатысатын балалар мен жасөспірімдердің кенеден қорғану шараларына немқұрайлы қарауы ауру жұқтыру қаупін арттырады.
Кене шаққан немесе денеге жабысқан жағдайда дереу медициналық ұйымға жүгіну қажет. Мұндай жағдайда азаматтар 14 күн бойы медициналық бақылауға алынып, дене қызуы мен жалпы жағдайы қадағаланады. Егер бақылау кезеңінде ауру белгілері байқалса, науқас арнайы ем алу үшін жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылады.
Кене шаққаннан сақтану шаралары:
- табиғатқа шығар алдында арнайы репелленттер қолдану;
- ашық түсті киім кию;
- шалбар балағын шұлықтың немесе етіктің ішіне салу;
- ұзын жеңді және денені толық жабатын киімдерді пайдалану;
- демалыс орындарын ашық әрі күн сәулесі жақсы түсетін аумақтардан таңдау;
- табиғаттан немесе мал қорасынан келгеннен кейін киім мен денені мұқият тексеру;
- мал қораларын, аулаларды қоқыстан тазартып, көктем және күз мезгілдерінде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу.
Мамандар тұрғындарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, кене шаққан жағдайда уақыт оздырмай медициналық көмекке жүгінуге шақырады. Аурудың алдын алу – әр азаматтың сақтық шараларын сақтауынан басталады.

Сурет: freepik.com
