Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданында былтыр жалпы өнімнің көлемі 25,7 млрд. теңгені құрап, 100,1 пайызға артқан. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағамбет баяндады.
«Өткен жылы 7276,5 тонна ет, 9916,5 тонна сүт және 961,6 мың дана жұмыртқа өндірілді. Осылайша, ет өндірісі 100,4 пайызға, сүт 54,1 пайызға және жұмыртқа өндірісі 95,2 пайызға орындалып отыр. Ауыл шаруашылығы дихандары биыл 17 мың 29 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырып, егін мерзімінде толық жиналды. Негізгі дақыл күріш 6 мың 200 гектарға егіліп, әр гектардан 40,4 центнерден өнім алынып, 26 мың 95 тонна күріш жиналды» - деді аудан әкімі.
Ал 2025 жылы аудан бойынша 17 377 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Оның ішінде негізгі дақыл 6436 гектар күріш егіледі деп күтілуде. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 236 гектарға артық.
Қазалы ауданында ауыл арасындағы жолдар мен елді мекенішілік көшелердің жағдайы дұрысталып келеді. Былтыр ауданда 27,5 шақырым маңызы бар автомобиль жол құрылысы жөндеуден өткізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағамбет айтты.
«Жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 88,2 пайызды құрайды. Өткен жылы Қазалы ауданында бірнеше жыл бұрын басталып тоқтап қалған Әйтеке би мен Қазалы қаласы аралығындағы 7 шақырымды құрайтын жолға күрделі жөндеу жұмыстары аймақ басшысының тікелей қолдауымен қайта жанданды. Бүгінгі таңда 4 жолақты жол пайдалануға берілді» - деді аудан басшысы.
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі
