Kyzylorda-news.kz. Қызылорда обылыс әкімінің жедел штаб отырысында берген тапсырмасына сәйкес бүгін ауданда құқық бұзушылық пен топтық төбелестің алдын алу мақсатында бірқатар білім ошақтарында мектеп оқушылары мен ата-аналарының қатысуымен жиын өтті. 

Арнайы құрылған топтың алғашқысын аудан әкімі Мұхтар Оразбаев өзі басқарса, екінші топқа аудан әкімінің кеңесшісі Бақытжан Жарылқап төрағалық етті. 

Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде өткен басқосудың топ құрамында облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп, еңбек ардагері Кемалбай Көпжасар, аудандық прокуратура және аудандық полиция қызметкерлері болды. Одан бөлек жиынға зиялы қауым өкілдері қатысты. Аудандағы құқық бұзушылық пен топтық төбелестің алдын алу жолында жасалып жатқан шараларға тоқталған аудан әкімінің кеңесшісі сөз кезегін облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілепке берді. 

«Әрбір шаңырақтың үкілеген үміті, бақыты, қуанышы ол – бала. Ал сол бала есейе келе ата-анасының көңіліне қаяу келтіретін жағдай жасаса ол үшін ата-ананың жауапкершілігі бірінші сұралады. Өйткені, бала тәрбиесі – үйдегі дастархан басынан басталады. Несін жасырайық, бүгінгінің жастары ханның ұлындай күн кешіп жатыр. Оны таңнан кешке дейін жұмысқа жегіп қоятын ата-ананың саны азайды. Қазір ата-аналар ұл-қызының қатарынан кем болмауы үшін қолына қымбет телефон, астына қымбат көлік тым құрығанда қымбат киім алып береді. Міне, осының барлығы қандай еңбекпен келіп жатқанын әрбір өскін түсінуі қажет. Ал оны түсінбей қарны тоқ, уайымы жоқ болған жастар кешегідей қылмысқа барады. Сондықтан балаларды үнемі қадағалауда ұстап, тіпті телефоннан не қарап жүргеніне дейін бақылап отыру қажет», – деді облыстық мәслихат депутаты. 

Сондай-ақ, кешегі қылмысқа қатысты жастардың жайынан хабар берген аудандық прокуратура және полиция бөлімі қызметкерлері әрқайсысына тергеп-тексеру жұмыстырына сәйкес шара көрілетінін айтты. 

Бұдан соңғы оқушылар және олардың ата-аналарымен кездесу М.Матаев атындағы №170 орта мектебінде жалғасты. Мұндада оқушылардың келешегіне алаңдаған ата-ана барлығын жіті назарда ұстауы қажет екені айтылды. Сондай-ақ, қатысушылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. 

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жедел құрылған екінші топтың кезекті жиыны №276 орта мектепте өтті. Аудан әкімінің кеңесшісі Бақытжан Жарылқап жүргізген басқосуда еңбек ардагері Кемалбай Көпжасарда өз ойын бүгіп қалмады. 

«Шыны керек, қазір ата-ана мұғалімді кінәлауға үйреніп алған. «Балама қарсы сөйлеме, артық әңгіме айтпа» деп шыға келеді. Одан қалды телефонын көрсетіп бейнежазбаға түсіріп, қорқытады. Бұдан кейін қандай оқушы мұғалімді сыйлайды. «Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деп Мағжан Жұмабаев бекерден бекер айтпаған. Сондықтан бар кінәні мұғалімдерге жауып қоюдан арылып, баламызды өзіміз бақылауда ұстайық», – деді еңбек ардагері. 

Жиын соңында ата-аналар тарапынан ұсыныстар айтылып, пікірлері ортаға салынды. 

336322652_9753895411290949_7548003273660008665_n.jpg336367075_3410725799175602_8791254409970061720_n.jpg

Тағы да оқыңыз: