Kyzylorda-news.kz Сайлаушылардың мұң-мұқтажын, талап-тілектерін тыңдау мақсатында партия атынан сайланған облыстық және Қазалы аудандық мәслихат депутаттарының кезекті кездесу жұмыстары басталды.
Кездесудің алғашқы күні облыстық мәслихат депутаты Ибайдулла Тілеп пен Қазалы аудандық мәслихат депутаты Арғын Орымбаев «Теміржолшы» бастауыш партия ұйымы орналасқан Қазалы вагон пайдалану депосында мекеме қызметкерлерімен кездесті.
Кездесу барысында депутаттар өз сайлауалды уәделері мен партияның сайлауалды бағдарламасының Қазалы ауданы көлемінде орындалуы жайында баяндады.
Сондай-ақ, Қазалы ауданы көлемінде атқарылып жатқан және алда жосарланған жұмыстардың барысына тоқталды. Сонымен қатар, халық қалаулылары су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғындарға қолдан келгенше көмек қолын ұсынған барша теміржолшыларға алғыстарын айтты. Өз кезегінде сала қызметкерлері аманаттықтардың ел игілігі жолындағы жұмыстарына сәттілік, табыс тіледі.
Бастауыш партия ұйымында қабылдау өткізді
Облыстық мәслихат депутаты Ибайдулла Тілеп партияның «Теміржолшы» бастауыш партия ұйымында орналасқан қоғамдық қабылдау бөлмесінде тұрғындарға жеке қабылдау өткізді.
Қабылдау барысында сайлаушылар тарапынан жеке мәселелермен қатар, денсаулық сақтау, кентті абаттандыру, тұрғын үй және басқа да тақырыптарда өтініштер келіп түсті.
Халық қалулысы аталған мәселелер бойынша заңдылыққа сәйкес түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қабылдауға аудандық мәслихат депутаты, «Теміржолшы» бастауыш партия ұйымының төрағасы Арғын Орымбаев қатысты.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында кеңестер беріледі
Қазалы аудандық партия филиалында «Ауыл аманаты» жобасының «Ақпараттық қолдау» орталығы жұмысын жалғастыруда. Сондай-ақ, «Ашық есік» күні өткізіліп, жылдық мөлшерлемесі 2,5%-ды құрайтын «Ауыл Аманаты» жобасы аясында тұрғындарға ақпарат берілді.
Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Сапарбек Қуатов, кәсіпкерлер палатасының Қазалы ауданындағы филиалының директоры Маржан Ким және партия филиалының сарапшысы Алтынай Кенжалиева қатысқан шарада тұрғындар жоба бойынша сауалдарын қойды.
Ал, сала мамандары жобаға қатысу мен несие берудің негізгі шарттары, қаржыландырудың бағыттары, несие алу алгоритімі бойынша кеңінен ақпарат берді.
Айта кетейік, «Ауыл аманаты» – «AMANAT» партиясы мен Үкіметтің бірлескен жобасы. Оның басты мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын, әл-ауқатын және өмір сүру сапасын арттыруға көмектесу.
Мониторингтік топ баға тұрақтылығын көрді
Партияның Қазалы аудандық филиалы жанынан құрылған мониторингтік топ мүшелері Қазалы аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің және Қазалы аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің мамандарымен сауда орындарындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына кезекті зерделеу жұмыстары жүргізілді.
Мониторингтік топ алдымен аудан орталығындағы «Фея-Перизат» сауда дүкенінде болып, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын бағамдады. Зерделеу барысында анықтылғандай баға тұрақты, азық-түлік қоры жеткілікті. Негізгі тауарлар бағасын тұрақты ұстау мәселесі кәсіп иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Топ мүшелері кезекті зерделеу жұмыстарын дәріханалар мен жанармай бекеттерінде жалғастырды. Нәтижесінде, жанармай бекеттерінде баға мөлшері және қауіпсіздік техникасы сақталғандығы, ал дәріханаларда дәрі-дәрмектердің бағасы қалыпты екендігі анықталды.
