Kyzylorda-news.kz. Қазалы аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов бастаған бірқатар азаматтар С.Сейфуллин көшесі, Күләш Байсейітова, Жалдыбай жырау, Мұстафа Шоқай және Сұлтан Аманов көшелерінің тұрғындары және жастарымен кездесті.
Мақсат – аудандағы топтық төбелес пен құқық бұзушылықтың алдын алу. Сонымен қатар жан-жақты түсіндірме жасап, жасөспірімдер арасындағы келеңсіз жайттарды болдырмау.
Бірнеше айдан бері аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың тапсырмасымен арнайы құрылған топтардың рейд жұмыстары жүріп жатқанын айтқан Дәурен Оңғарбайұлы, тәртіпке шақыру жұмыстары тоқтамайтынын жеткізді. Сондай-ақ, арнайы жасақталған құрамның жұмысы нәтижесіз емес екенін де тілге тиек етті.
Оған қоса мемлекет тарапынан жастарға берілетін несие аясында, «Ауыл аманаты» жобасы туралы және өскіндердің әскерге баруы жөнінде түсіндірме жасады.
Басқосуда тұрғындар өскелең ұрпақтың келешегіне алаңдайтындарын айтып, түсіндірме жұмыстарына оң бағасын берді.
«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген. Тұрғындармен кездесіп, тілдесіп, талап-тілектеріне құлақ түрген басшыларға ризамын. Ел ішіндегі тентектерді тезге салу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды да газет беттерінен оқып, біліп отырмыз. Жастарымыздың бойындағы жауапкершілік артып, адамгершілік қасиеттің алға шығарына мен сенемін», – дейді көше тұрғыны.