Kyzylorda-news.kz Жексенбі күні Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов Қарақұм беткейінде орналасқан елді мекендер мен мал шаруашылықтарын аралап, олардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Елді мекендерге жасаған жұмыс сапары барысында Қожақазған, Аққұдық, Тапа, Шилі, Шәкен және Шөлқұм елді мекендеріне арнайы барып, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Аталған аймақтағы халықтың негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Жалпы аудан бойынша 200 мыңнан астам төрт түлік мал болса, соның шамамен 60 пайызы, яғни 120 мыңнан астамы Қарақұм беткейінде шоғырланған. Бүгінде бұл өңірде 235 шаруашылық мал өсірумен айналысып келеді. Бұл – аудан экономикасының маңызды саласының бірі екенін айқын көрсетеді.
Аудан әкімі елді мекендерді аралау барысында шаруалардың жай-күйімен танысып, олардың күнделікті жұмыс барысын көзбен көрді. Сонымен қатар, тұрғындармен пікір алмасып, өзекті мәселелерін тыңдады. Кездесулер барысында бірқатар түйткілді мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, мал суаруға арналған су ұңғымаларын қазу қажеттілігі, Байқоңыр ғарыш айлағына жақын орналасқан шаруашылықтарда жабайы иттердің малға шабуылы, қасқырдың қауіпі, сондай-ақ алдағы уақытта шегірткелердің көбею қаупі сөз болды.
Өз кезегінде аудан әкімі көтерілген мәселелердің барлығы назарға алынатынын атап өтіп, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі, ветеринариялық инспекция және ветеринариялық станция басшыларына мал қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су көздерін көбейту, зиянкестерге қарсы күрес шараларын күшейту және аудандық полиция бөлімі мен елді мекендердегі учаскелік полиция инспекторларына жергілікті жердегі мал ұрлығының алдын алу бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.
