Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданында сегіз мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істеп тұр. Оның ішінде, 294 заңды тұлға, 4541 жеке кәсіпкер, 1637 шаруа қожалығы болып табылады. Ал, осы жылдың басынан жаңадан 1133 кәсіпкер тіркелген. Осындай кәсіптерінің арқасында күнделікті табысын тауып отырған жандар елден көмек сұрамай, керісінше, мемлекеттің қазынасына қомақты қаржы құйып отыр.

Қазір шет елдерде адамға қажетті ақуыз заттары арасында балықтан жасалған тағам үлесі 17 проценттен 83 процентке дейін жетеді, дейді мамандар. Кез келген мемлекеттің экономикасында су маржанының алатын орны ерекше. Әсіресе, балықтың майына – бүгінгі күннің тілімен айтқанда, омега дәруменіне сұраныс жоғары. Балықтың бағалы саналуы жалғыз бұл емес, оның бойында адам ағзасына пайдалы өзге де түрлі құнарлы дәрумендер бар. Сондықтан да, мамандар тарапынан аптасына екі-үш рет ас мәзіріне қосуға кеңес беріледі. 

Сулы өңірлерде таралған балықтың ішінде Қазақстанда 150-ден астам түрі кездеседі. Олардың ішінде сазан, кексерке, табан, ақмарқа сияқты түрлері бар. Қазақстан балық шаруашылығы жөнінен Ресей мен Украинадан кейін үшінші орын алады. Ал, ішкі су қоймаларында бағалы сазан, көксерке, табан, шортан, жайын балықтарын аулауда Ресейден кейінгі екінші орында келеді. 

Қазалы ауданы маңайында көл айдындары мен өзендер баршылық. Арал теңізі де, аса қашық емес. Дегенмен, балық аулап, оны өсірумен айналысушылар қатары саусақпен санарлық. Соның бірегейі – Түркіменбай Таубаев 10 жылға жуық балық саласына мән беріп жүр. Жәй жүрген жоқ. Іскер жан «Алтайыр» шаруа қожалығын ұршықша иіруде. Кәсіптің көзін дөп басатын ер сан салалы ауыр жүкті жалғыз көтермейді. Жанына Арман, Рауан және Мархабат есімді еңбекқор ұлдарына түрлі шаруаны жүктеп, отбасылық бизнесін дамытып отыр. Оның иелігінде «Алтын көл», «Ақ құдық» және «Шортанбасады» көлдері бар. Бұған қоса, Қуаңның бойында заңдастырылған арнайы питомнигінде балық шабақтарын көбейтумен айналысады. 

«Балық өндірісіне әу бастан қызығушылығым зор. Осы күні түрлі саланы қамтыған шаруашылықты жүргіземін. Балық өсіруден тәжірибем жеткілікті. Десек те, Алматыдағы Балық мектебінен дәріс алып, заңды сертификат алдым. Онда кәсіпке кететін шығын, оны қалай жүргізу керек. Мемлекеттен қандай көмек бар және оны алу үшін қандай құжаттар қажеттігін осы мектептен ілім алғанда меңгердім», – дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, 10 жылдан бері теңізден, су арналарынан майда шабақтарды құтқарады. Негізінен, сазан, карп, карас, жайын, шортан, толстолоб және амур балықтарының шабақтарын құрал-сайманмен іріктеп сүзіп алады. Арнайы ауқымды цестрнасы бар көлікпен 10-20 мың данасын питомнигіне әкеледі. Алға қойған жоспарлары да жетерлік. Келесі межесі – облыста тірі балық қызметін ұсынуды қолға алу. Бұл ойының да, жүзеге асуына да сәл қалды. Құжаттары әзір. Жері белгіленген. Өнімге тапсырыс беретін аспаздық орындармен келісімшарт жасасқан. Енді, тек, бір Аллаға тәуекел етіп, ісін бастау ғана қалды. Байқасаңыз, бұл Алматы мен Шымкенттен кейінгі өңірдегі алғашқы жоба болмақ. Осындай істі бастауда не кедергі, деген сауалымызға да жауабы әзір. 

«Ең бірінші, балық өсірумен айналысуға жағдай жасалып, жер мәселесі шешілуі қажет. Сырдария сағасы мен көл жанынан жалға жер берілсе, жұмыс істейтін азаматтар көп. Үкіметтен субсидия көмек жоқ. Дегенмен, өз қаражатыммен жан-жаққа барып, құжаттарымды реттедім. Бұйырса, жұмысымды жандандыруға дайынмын», – дейді Түркіменбай Әкімбайұлы. 

Сонымен қатар, ол тұщы өзен суларының теңізге аз мөлшерде құйылуы, теңіз суының тұздылығын сақтайды да, онда тіршілік ететін балықтардың өміріне қауіп туғызады. Тұщы су балықтарын қорғаудағы ең маңызды мәселе олардың уылдырық шашатын жерін, қыстайтын шұңқырларын қорғау және қыста қатып қалмау шараларын ұйымдастыру қажет дегенді алға тартты. Су қоймаларының балық өнімін арттыру үшін балықтарды жерсіндіру жұмысын жүргізген жөн. Балықтың негізгі қорегі жануарлар мен өсімдіктерді де жерсіндіру керек. Әсіресе, ішкі су қоймаларындағы балықтардың қорын көбейтуге және оларды қорғауға ерекше көңіл бөлінілгені тиіс. Аудандағы көлдер мен өзендерде бағалы кәсіптік балықтарды өсіруге мүмкіндік жасалса және оларды көптеп аулау да, негізгі міндеттердің бірі ретінде жүзеге асырылса, деген ұсынысын білдірді. 

«Балық – халық байлығы» деген бар. Оның қорын молайтуға қамқорлық жасау – балық корғау инспекциясының, балық аулаумен шұғылданатын кәсіпорындардың, су шаруашылық орындары басшыларының абыройлы ісі. Бұл маңызды іске бүкіл жұртшылық белсене қатысқаны дұрыс-ақ.

Есесіне, халық үшін балық аса қажетті тағамның түрі болып есептеледі. Ғалымдардың зерттеулеріне сенсек, əр адам орта есеппен жылына 14,6 келі балық өніміне зəру. Бұл қажеттілікті өтеу үшін балық өсіру, аулау мен импорт көлемін жылына 272 мың тоннаға дейін жеткізу керек екен. 

Еске салсақ, отандық балық шаруашылығын жандандыру мақсатында ел үкіметі балық шаруашылығын дамытуға арнайы көңіл бөліп, осыдан бірнеше жыл бұрын ұзақ мерзімді шаралар бағдарламасын қабылдады. Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасының индикаторлары мемлекеттік қолдау шараларына ғана емес, осындай кәсіпкерлердің белсенді қызметіне бағытталған.

Тағы да оқыңыз: