Kyzylorda-news.kz. Бүгінде текемет басып, алаша тоқитындар қатары жоқтың қасы. Заман талабына сай үй жиһаздары да, төсеніштер де өзгерді. Тұтынушы болмаған соң тауарға да сұраныс болмайтыны анық. Дегенмен қазақы ою-өрнекпен өрнектеліп, ұлттық бояуды бойына сіңірген, көненің көзіне айналған төсеніштерді төрінде сақтаған Сұлупан Сағындыққызын кезіктіргенде қуанып қалдық.
Жанқожа батыр ауылының тумасы Сұлупан апа алаша тоқуды 3 сыныпта оқып жүргенінде үйренген. Әжесі Орын он саусағынан өнер тамған тігінші болған. Алғашында киіз үй жабдықтары – құр мен басқұр тігіп бастаған Сұлупан бертін келе, текемет, киіз басудың да қыр-сырына қаныққан. Қолөнер шеберімен жолығып, әңгімелескен сәтте:
– Әкем Сағындық сиыршы, анам Күлпан сауыншы болды. Азды-көпті төрт түлігіміз бар. Әжем Орын қойдың жүнін өзі қырқып, тазалап, жуып, кептіретін. Оларды бояп, иіреді. Дайын жіптен алаша тоқиды. Мен үйдегі алты баланың үлкенімін. Жастайымыздан тігіншілікке бейім қылып өсірді. Жаз мезгілінде киіз үйде отыратынбыз. Оның ішін әрлеу, түрлі ою-өрнекті төсенішпен безендіруде әжеме қолғабыс ететінбіз, – деді.
Ауылдағы сегізжылдық мектептен соң Қазалы қаласындағы №17 мектепте екі жыл оқуын жалғастырған кейіпкеріміз мұғалім болуды мұрат етіп, Алматы қаласына оқуға тапсырды. Алайда сәті түспей, туған жерге оралды. Өзі қатарлас құрбыларымен сауыншы болып еңбек етті. Келер жылы Қызылорда қаласындағы тігіншілер даярлайтын училищеде білім алды.
– Әлі де мұғалім боламын деген ойдан арылмай, оқуға құжат тапсыруды көздедім. Алайда біздің құжаттар Қазалыға жіберіліпті. Осында кірпіш зауыты болды, сондағы тігін цехына жолдамамен жұмысқа орналастым. 1974 жылдан бастап зауыт жабылғанша 25 жылға жуық жұмыс істедім. Еңбек ете жүріп, бірге жұмыс істейтін Қуаныш есімді азаматқа тұрмысқа шықтым, – дейді Сұлупан апа.
Алты баланы өмірге әкеліп, жолдасы екеуі оларға тәлімді тәрбие берді. Бес қызым бір төбе, жалғыз ұлым бір төбе деген ана қыздарын қияға қондырған. Ұлы Қайырбекпен бір шаңырақта тұрады. Ғ.Мұратбаев атындағы №17 мектепте Қайырбек мектеп директорының орынбасары болса, келіні Ақерке Сыдық физика пәнінің мұғалімі. Шаңырақтың еркесі екі жасар Айша әжесінің ермегі.
– Қыздарым отбасылы. Өз мамандықтарымен еңбек етуде. Немерелерім бар. Алла маған шөбере сүюді де нәсіп етті. Жиен немерем Нұрай өмірге үшем – Әділхан, Айдархан, Әлихан есімді үш батырды әкеліп, қуанышымызды еселей түсті, – деді жүзі нұрланып.
Еңбекке араласқан күннен-ақ ептілігімен көзге түскен Сұлупан Сағындыққызы уақытында тігінші қыздар бригадасының жетекшілігіне сайланды. Істің қиындығын қажырлылықпен жеңе білді. Қарамағындағы қыз-келіншектермен тіл табысып, жұдырықтай жұмылды. Еңбекке енді араласқан жас тігіншілерге бар білгенін үйретіп, алға жетеледі.
– Жұмыс қауырт еді. Толассыз тапсырыстар түседі. Бәрін уақытылы әрі сапалы дайындауға күш салатынбыз. Жауапкершілік жүгінің ауырлығын жетекші болғанда жете түсіндім. Қыз-келіншектердің қолынан бәрі келетін. Қай істі де ұршықша үйіріп әкетеді. 1997 жылы зауыт жабылды. Әркім өз бетімен еңбек етті. Сол кезде бала күнімнен қолөнерге баулыған әжемнің: «Үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің маған жақсы» деген сөзі ойыма оралды. Үйде отырып алаша тоқуды бастадым. Алаша тоқуға тек қойдың жүні пайдаланылады. Ешкі жүні арқаулығына жақсы, – деп тоқу өнерінің қыр-сырымен бөлісті.
Сұлупан апаның бұл өнерін естіген көрші-қолаң, ағайын-туыс иірілген жіптерін ала келіп, өтініш айтады. Сол кезеңдерде қыз жасауының қатарынан әдемі өрнектермен өрілген алаша міндетті түрде орын алатын. Бертін келе қаланың арғы басы, бергі басы демей тапсырыспен келетіндер көбейеді. Жұмысы қанша қиын болса да ақкөңіл жан ешбірінің көңілін қалдырмауға тырысады. Мынадай теңге деп те арнайы ақы қоймайтын.
– Ата-анам төсек орныммен бірге қол машина әкеліп берді. Әлі күнге сонымен жұмыс істеймін. Құрақ та құраймын, тігін де тігемін. Бірақ тек туыстардың өтініштерін ғана орындаймын. Үлкен қыздарыма жасау бергенде киіз, текемет, алаша қосқанмын. Үйде де бірнеше алаша мен текемет сақталған, – деп бізге көрсетті.
Қанша жыл өтсе де түрін, не түсін бермеген алашалар көзге ерекше көрінді. Салмағы да едәуір ауыр. Бір байқағанымыз әр төсенішке ұл-қыздарының, өзінің есімі жазылған. Уақыт өткен сайын тарих қойнауына еніп бара жатқан қолөнерді үйренем деушілер болса, Сұлупан апа білгенімді бөлісуден қашпаймын деген ниетін білдірді.