Kyzylorda-news.kz. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңында Жаңақазалы поселкесіндегі №420 қазақ орта мектебіндегі бастауыш класта оқып жүргенімізде Қобылаш Жаймұратов ән сабағынан дәріс берді. Зұлмат жылдарға сәйкес келген қызылша шешегінің ізі ме, әлде басқа себебі болды ма оның жүзіндегі қара қошқыл, бұжырлы дақтар көңілімізге қорқыныш ұялататын. Кейін көзіміз үйренісе келе түсі тым қара көрінген ағайдың жүрегінің соншалықты ақтығы, мейрімділігі, бір балаға дауыс көтеруді білмейтін жұмсақтығы ештеңені елетпей, бізді ол кісімен етене жақын қылып жіберді. Кез келген музыкалық аспапты шебер меңгерген біліктілігі, бауырына қыса отырып шертетін мандолинасының әуезді дауысы арасында бәрімізді айналасына жинап алатын. Сондай күндердің бірінде бәрімізді қасына шақырып сөзін бастады:

– Е-е, балалар, сендер қазір ештеңеге мұқтаж емессіңдер, не ішем, не жеймін, не кием демейсіңдер. Ал білесіңдер ме, ата-әжелерің мен әке-аналарыңның, жалпы қазақ атаулының басынан небір нәубеттің өткенін. 

1931 жылдан күшіне мінген ашаршылық алапаты басталғанда жасөспірім жігіт едім. Мұны сендерге айтпас та едім, бірақ бала болсаңдар да өмірдің күнгейі мен көлеңкесін, ащысы мен тұщысын жүректеріңмен сезініп, содан тәжірибе жинақтап, нәтиже шығаратын азамат болып өскендерің дұрыс болар деген оймен айтып отырмын. 

1933 жылдың соңына қарай ауылдарды аралап, аштықтан аман қалған үлкендерді, әсіресе балаларды талғажау етерлік азық беріп, шамамыз келгенше әлдендіретін, қайтыс болғандарын жерлейтін комиссияның құрамында жұмыс жүргіздік. Сонда көрген сұмдықтарды ешқашан ұмытпаймын. Мысалы, сендер қазір көшеде кездейсоқ өліп жатқан ит пен мысықты көргеннің өзінде жандарың ашып біразға дейін ұмыта алмай жүресіңдер ғой. Ал ол кезде адамдар, үлкен де, кіші де, тіпті емізулі нәрестеге дейін кез келген жерде өліп жатты. Біз оларды арбамен жинап, бір қабірге топтап көметінбіз. Тірі қалғандарының аузына су тамызып, аздап быламық жұтқызып тиісті жерге жібереміз. Сондай азапты күндердің бірінде шеткерілеу орналасқан жан-жағы ашық-тесік шағын, жұпыны киіз үйдің түндігінен түтін шығып жатқанын байқап кіре кетуді жөн көрдік. Ішке кірсек, бір қарт кісі ортаға қойған қазанның астына от жағып отыр екен. Ішінде ет қайнап жатыр. Бүлкілдеп қайнап жатқан қазанның ішінен жас баланың білегін, қарт кісінің қасында аузы ашық тұрған дорбадан баланың басы мен кесілген өзге еттерін көргенде бұған еш амал жасай алмайтынымызды сезіп кейін шықтық. Мінекей балалар, осыдан өткен сұмдық бола ма?!

Ағайдың айтқан әңгімесі бала көңілімізді, жан-дүниемізді астан-кестең етсе де естігеніміз дұрыс болды. Қазақтың басынан өткен ашаршылық, нәубет, қолдан жасалған қырғын, кеңестік саясаттың сансыз сұмдығы айтылуы, жазылуы, зерттелуі, ойсыраған орнын толтыруға мемлекет тарапынан әлі де болса нақты қадамдар жасалып, күш салынуы керек. Себебі, бұл болашақ ұрпақ үшін зор тағлым аларлық сабақ болуы тиіс тарих қатпары деп білемін.

Тағы да оқыңыз: