Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде танымал театр және кино актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Лейло Ақназарқызы студенттік «Жауқазын» жастар театрының мүшелерімен және шығармашыл жастармен кездесті.
Кездесу барысында өзінің шығармашылық жолы, театр және кино саласындағы қызметі туралы әңгімелеп, актерлік шеберлік, сахна мәдениеті, үздіксіз ізденіс пен өнер адамына жүктелетін жауапкершілік жөнінде ой қозғады.
Білім алушылар қонаққа өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, кәсіби өнердің қыр-сырын тереңірек таныды. Еркін пікір алмасу форматында ұйымдастырылған жүздесу жастарға тәжірибелі актрисаның тағылымды кеңестерін тыңдап, шығармашылық бағыт-бағдар алуға мүмкіндік берді.
Лейло Ақназарқызы – «Құрмет», «Парасат» және «Барыс» ордендерінің иегері, «Үздік актриса» номинациясын алты мәрте иеленген көрнекті өнер қайраткері.
Айта кетейік, Қызылордада көрнекті театр сыншысы, профессор Бағыбек Құндақбаевтың 100 жылдығына орай Қазақстан драма театрларының XXXI республикалық фестивалі өтуде.

