Kyzylorda-news.kz Еліміз үшін маңызды саналатын басты дүниенің бірі - еңбек нарығы. Кейінгі жылдары кадр тапшылығы мәселесі жиірек айтылуы бекер емес. Қазақстанның еңбек нарығында келешекте қай мамандар сұраныста болады, болжаммен саны қанша болуы мүмкін?
Дәрігер мен мұғалімнен жұмысшыға дейін…
Жыл сайын әр сала бойынша мыңдаған маман жетіспейтіні жайлы ақпараттар шығып жатады. Мәселен, қазір елімізге 2817 мұғалім, 3,9 мың дәрігерге қажеттілік бар. Дегенмен бұлар халық назарында тұрған салалар болғаны үшін басқалары елеусіз көрінуі мүмкін. Әйтпесе техникалық мамандар мен жұмысшыларға қатысты қажеттілік те еселеп артуда.
Биыл “Еңбек ресурстарын дамыту орталығы” АҚ сарапшылары 2024-2030 жылдарға арналған кадр тапшылығы жөніндегі мәселеге зерттеу жүргізіп, болжам құрған. Аталған еңбектің мәтініне үңілер болсақ, көрсетілген кезеңде Қазақстанға жалпы саны 1,8 млн кадр керек болады. Соның ішінде жоғары білімі бар қызметкерлер - 494 мың, техникалық және арнайы білімі бар қызметкерлер - 1 млн (400 мыңы жұмысшы). Ал басшылар және біліктілігі жоқ қызметкерлерге қажеттілік шамамен 300 мың адамды құрайды.
Егер салалар бойынша жіктеп қарасақ, білім беру (331 мың), сауда (228 мың), құрылыс (213 мың), денсаулық сақтау (128 мың), әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету (119 мың), көлік және қоймалау (116 мың) саласы алға шығады. Бұл қатарға ауыл шаруашылығы (114 мың), өңдеу өнеркәсібін (108 мың) қоса аламыз.
Жұмысшылардың жетіспеуі құрылыс саласында (111 мың) көрініс тапқан. Негізінен сылақшы, дәнекерлеуші, тас қалаушы, сырлаушы мен бетон құюшылар табылмайды. Тау-кен өндіру саласының өзіне 32 мың адам қажет. Өзге салаларда 130 мың жұмысшыға сұраныс болмақ.
Көлік және қоймалау саласында анағұрлым сұранысқа жүргізушілер, машинистер, слесарьлар мен жөндеушілер, тракторшылар ие болып отыр.
Краншылар да, өнеркәсіптік жабдық слесарьлары, электр монтерлері, металл конструкцияларын жасаушылар да аса сұранысқа ие. Мұнай және газ өндіру жөніндегі операторлар, бұрғылау қондырғыларының машинистері, өнеркәсіптік жабдықтардың дәнекерлеушілері мен слесарьлары, мамандандырылған техника операторлары қажеттіліктен түспек емес.
Жоғары білімі бар қызметкерлер арасында сол баяғыдай дәрігерлер, құрылысшылар, ақпарат және байланыс, кәсіби ғылыми қызмет, өңдеу өнеркәсібі мамандары қажет болады.
Мысалы, денсаулық сақтау саласында терапевт, стоматолог, педиатр, хирург, фармацевт, кардиолог, сәулелік диагностика мен гинеколог мамандарға сұраныс артатыны болжанған.
Құрылысқа негізінен сәулетшілер, инженер-электриктер, инженер-технологтар, инженер-механиктер, жобалаушы, талдаушы-зерттеушілер керек.
Кәсіби және ғылыми қызмет саласында ветеринар дәрігерлер, экологтар, адвокаттар, өнімді жарнамалаушы, маркетинг және нарықты зерттеу бойынша талдаушылар сұранысқа ие.
Қазақстан үшін ауыл шаруашылығы маңызды саналатыны жасырын емес. Мұнда әсіресе жоғары білімі бар агрономдар, инженер-механиктер, биологтар, метеорологтар, ботаниктер, өндірісті ұйымдастыру жөніндегі инженерлер жетпейді.
Ал жұмысшы ретінде тракторшылар, көкөніс, егіс дақылдарын өсіру, жем-шөп дайындау, комбайн жабдықтарының операторлары қажет.
Осы тұста келешекте елімізде сұраныста болатын топ-5 жұмысшы мамандар тізімін ұсынамыз.
АЭС те сұранысты арттырмақ
Биыл елімізде өткен АЭС құрылысы бойынша референдумның нәтижесінде халықтың басым бөлігі оны салуға келісім берді. Енді көп ұзамай құрылыс басталуға тиіс. Қуаты шамамен 1,2 ГВт болатын атом электр станциясының болжамды құрылысы кезінде 3 мыңнан 5 мыңға дейін жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Ал құрылыс бітіп, пайдалануға берілген уақытта тұрақты түрде 1-1,5 мыңға жуық маман керек болады.
Халықаралық тәжірибе бойынша, әсіресе инженер-құрылысшылар, электротехникалық инженерлер, механикалық инженерлер, ядролық технология жөніндегі инженерлер, сапаны бақылау жөніндегі инспекторлар, инженер-экологтар, геологтар, геодезистер сұраныстан түспейді.
Бұған реактор операторларын, радиациялық қорғау жөніндегі мамандарды, техник-диспетчерлерді, механиктерді, қауіпсіздік жөніндегі қызметкерлерді, химиктерді, техникалық персоналды қосамыз. Оның үстіне қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 400-700 шамасында қызметкер жалдауға тура келеді.
Бұл тұста Еңбек ресурстарын дамыту орталығы қазір Қазақстанда ядролық технологиялар бойынша мамандар даярлау жүзеге асырылмай жатқанын атап өткен екен. Осыған байланысты бiлiм беру жүйесiне оқытушыларды алдын ала iрiктеп, жаңа бiлiм беру бағдарламасын әзірлеу керек болады.
Технофобия еңбек нарығына әсер етіп жатыр ма?
Кейінгі жылдары адамдар жаңа технологияларды меңгеріп, мықты маман атанбаса, жұмыссыздар қатары көбейе беретіні айтылып жүр. Себебі адам істейтін жұмысты автоматтандыру арқылы жүзеге асыра беруге болатыны көрінді. Жаңа технологиялар адамзатты жұмыссыз қалдыратындай технофобия пайда болды. Қазақстанда бұл үрдіс қатты байқалмаған еді, алайда жасанды интеллект дамыған сайын ақырындап қорқыныш күшейіп келе жатқаны білінеді.
Қазір әлемдегі алпауыт компаниялар өндіріске автоматицазияны енгізіп үлгерді. Егер осылай жалғаса берсе, «адамдар жұмыссыз қалуы мүмкін» деген ой айтылады. Қазақстанда да кейбір алпауыт кәсіпорындар бұрын бірнеше адам атқаратын жұмысты автоматтандыру арқылы оңай жүзеге асыра бастағанын естіп жатамыз. Яғни, келешекте Қазақстанның еңбек нарығы құбылуы мүмкін. Бірақ Бристоль университетінің түлегі, робототехника маманы Ғизат Махановтың айтуынша, технофобия көбінде негізсіз үрей саналады.
– Жаңа технологиялар адамзатқа ылғи үрей тудырады. ХХ ғасырдың басында, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін осындай үрей болды. Жасанды интеллект, роботизация басталғаннан кейін адамдар тағы да «жұмыссыздық болады» деп алаңдап жүр. Мәселеге пессимистік көзқараспен қарасақ, кемшілік бар. Бірақ жұмыссыздық пен технологияға келгенде еш болжам дәл орындалмаған. Ал реалистік тұрғыдан қарар болсақ, автоматизация, роботизация жұмыссыздық тудырмайды. Еңбек нарығы және экономика өте күрделі. Еңбек нарығында жұмыс шектеулі емес. Мысалы, 100 жұмыс орны бар, оның 50-ін робот алып қойса, қалған 50 адам жұмыссыз қалмайды. Керісінше, 50 немесе 100 жұмыс орны пайда болады. Неге? Бір зауыт роботты өндіріс процесіне енгізсе, сол зауыттан шыққан өнім нарықта арзан бағамен сатылады. Бұл қаржы жағынан халыққа тиімді. Артылған ақшасын ел басқа қызметке жұмсайды. Мәселен, біреудің қалтасында 15 мың теңге артылса, ол оны баласын оқытуға жұмсауы мүмкін. Демек, келесі жағынан педагогтерге сұраныс артады, – дейді маман.
Махановтың айтуынша, жаңа технологиялардан еңбек нарығына байланысты қорқыныш болмауға тиіс. АҚШ-та жасанды интеллект пен роботицазия өзге елдермен салыстырғанда аз да болса көш ілгері. Бірақ соның өзінде процесс әлсіз. Бірақ Жапония мен Оңтүстік Кореяда роботизация керемет дамыды. Роботтар барлық саланы жайлаған. Дегенмен жұмыс орындары керісінше көбейіп, мамандарға сұраныс артқан. Мысал ретінде ондаған мың қазақстандық жоғарыда аты аталған Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүргенін айтсақ болады. Роботизация дамыған елде жұмыс күшіне сұраныс көп. Демек, роботизациядан қорқу – пайдасыз нәрсе.
– Ал Қазақстанда роботизация өте қымбат. Оны жасау, енгізу, күрделі бизнес процестерінде қолдану қиын әрі шығыны мол. Ірі өнеркәсіптер болмаса, жаңа технологияға орта және кіші кәсіптің тісі батпайды. Сондықтан елімізде бүгін-ертең салалар мен мамандықтарға байланысты өзгерістер болатынына сенбеймін. Оның үстіне, пандемия кезінде әлем елдеріндегі бизнес жаңа инвестицияларды кідіртіп қойды. Жаңа жобаларға ақша құю азайды. Ал роботизация – сондай жобаның бірі. Бизнестер тек барын сақтап қалып, шығын шығармауға тырысып жүр. Бірақ әр адам, әр маман өзгерістерге дайын болуы қажет. Егер роботизация үдерісі белең алса, адамдарды жаңа бір салаға бейімдеу мемлекет пен компанияларға артылады. Жалпы, бұл - жеке бастың мәселесі емес, – дейді Ғизат Маханов.
Қорытындылар болсақ, еліміздің еңбек нарығында сұраныс азаймайды. Тек халық нарық талабына қарай уақытында бейімделе алғаны жөн. Ал роботицазия бәлкім 30 немесе 40 жылдан кейін күн тәртібіне шығатын мәселе болуы мүмкін.
Источник:Kazinform
Фото:inkaraganda.kz