Kyzylorda-news.kz Балаларға арналған онлайн платформалар, атап айтқанда, Roblox сияқты танымал ойындар әлемде сот процестеріне негіз болып отыр. Ол ойындардың артында ойыншылардың атын жамылып, балалармен сенімді қарым-қатынас орнатып, жабық чаттарға шақыратын қылмыскерлер тұрған болуы мүмкін. Осы орайда Оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитеті ата-аналарды балалардың онлайн ойындарына ерекше назар аударуға шақырып, үндеу жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Roblox – әлемдегі ең танымал балалар ойындарының бірі. Онда ойыншылар өзінің ойын әлемін құрып, бір-бірін шақыра алады. Тіркелу оңай болғандықтан және ойыншылар бір-бірімен онлайн сөйлесе алатындықтан, бұл ойын әлемде кеңінен танымал. Алайда ойынның қолжетімді болуы қаскөйлер назарын аударып отыр. Сарапшылардың айтуынша, қаскөйлер балалармен чат арқылы сөйлесіп, кейін жабық арналарға шақырып, қауіпті әрекеттерге итермелейді.

Әлемдік БАҚ-тың жазуынша, АҚШ-та балалармен байланыс орнату үшін Roblox қолданбасын пайдаланған ересектерге қарсы ондаған іс қозғалған. Мәселен, Солтүстік Каролинада бір ер адам 10 жасар қыздан ашық фотосын сұрап, ойын ішіндегі Robux валютасын ұсынған деп айыпталған.

Осы жайттардың аясында оқу-ағарту министрлігі интернет кеңістігінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ата-аналарға негізі қағидалар мен қауіпті белгілерді ескертті.

Балаларға интернетте не істеуге болмайды?

- жеке мәліметтерін (аты-жөні, мекенжай, телефон, отбасы жайлы мәлімет) бөлісу;

- Instagram, Telegram, TikTok, ВКонтакте сияқты желілердегі қауіпті топтар мен анонимді чаттарға кіру;

- ата-анасы тексермеген күмәнді онлайн ойындарды ойнау.

Ата-аналар балаларының іс-әрекетін қалай бақылай алады?

- ата-ана бақылауы параметрін пайдаланыңыз: Android үшін Family Link, iOS үшін Screen  Time;

- баланың әлеуметтк желілердегі достары мен жазылымдарының тізімін бақылаңыз;

- аты-жөні жоқ, түсініксіз белгілермен, иероглифтермен немесе күмәнді суреттермен жасалған парақшаларға назар аударыңыз.

Баланың қандай әрекеттеріне көңіл бөлу керек?

- бала дұрыс ұйықтамайды, түнде жиі оянады;

- денесінде түсініксіз жарақаттар, көгерулер пайда болады;

- тұйықталып, ашушаң болып, сөйлесуден қашады;

- мазмұны депрессивті немесе агрессивті бейнелерді жиі көреді;

- қорқынышты суреттер салып, оның мәнін түсіндірмейді.

Балаға қалай көмек көрсету қажет?

- эмоционалдық жағдайын жіті бақылаңыз;

- балаңызбен жиі сөйлесіп, күнделікті өміріне қызығушылық танытыңыз;

- бала кез келген сәтте ойын бөлісе алатынын сезінуі керек.

Көмек қажет болса, қайда жүгінуге болады?

- құқық қорғау органдарына (102);

- мектептегі педагог-психологтарға;

- мектеп жанындағы ата-аналарға қолдау көрсету орталығына;

- балаларды психологиялық қолдау орталығына;

- өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілге;

- тәулік бойы тегін жұмыс ісейтін "111" байланыс отралығына.

"Ата-ана бақылауын орнату және баланың интернеттегі белсенділігін қадағалау – оны онлайн қателерден қорғаудың сенімді жолы", – делінген хабарламада.

Тағы да оқыңыз: