Kyzylorda-news.kz Қазақстанда жемқорлардың жақындарының мүлкін тәркілеу мәселесі көтерілді. Егер олар мүліктің заңды жолмен табылғанын дәлелдей алмаса, активтер мемлекет пайдасына алынуы мүмкін. Мәжіліс депутаты Марат Башимов Бас прокурор Берік Асыловқа "кеңейтілген тәркілеуді" қолдауды сұрап хат жолдағанын хабарлады, – деп хабарлады Dauletten.kz.

Депутаттың айтуынша, алдағы уақытта Мәжілісте ақшаны жылыстатуға қарсы маңызды заң жобасы бірінші оқылымға шығарылады. Онда ФАТФ (Ақшаны жылыстатуға қарсы қаржылық шараларды әзірлеу тобы) ұсынған жүзге жуық түзету қамтылған. 'Кеңейтілген тәркілеу" институты Қазақстан үшін ерекше маңызды, себебі мұншалықты көлемдегі ұрлық басқа елдерде болмаған, дейді Башимов.

Оның сөзінше, әлемнің көп елінде ФАТФ ұсынымдары заңнамаға енгізілген, ал Қазақстанда бұл үрдіс "барлық деңгейдегі лоббистердің, әсіресе олигархтардың" ықпалымен баяу жүруде.

- Қазіргі заңнамада мұндай норма болмағандықтан, активтерді үшінші тұлғаларға аударып үлгергендер жауапкершіліктен құтылып кете алады, ал олардың мүлкі толық тәркіленбейді. Сотталғандар да тыныш отырады, себебі мүлкін туыстарына не серіктестеріне аударып қойғандарын біледі. Ертең толық еркіндікке шыққан соң сол ақшаны пайдаланады, – деді депутат.

Ұсынылған тәртіпке сәйкес, сотқа дейінгі тергеу басталған тұлға өз мүлкінің заңды жолмен алынғанын дәлелдеуі тиіс. Егер дәлел ұсына алмаса, ол мүлік тәркілеуге жатады.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: