Kyzylorda-news.kz. Ел Үкіметі Қазақстанда жаңа шетелдік тасымалдаушыларды тартуға мүмкіндік беретін «ашық аспан» саясаты жалғасатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Экспресс К.
Осылайша елімізде әлемдік қаржы орталықтарымен тікелей әуе қатынастарын ашу жалғасады. Атап айтқанда Астанадан Дохаға, Ақтау мен Шымкенттен Анкараға, Алматы мен Ақтаудан Мединаға, көктемгі-жазғы навигация кезеңінде: Астанадан Бакуге және Шымкенттен Душанбеге рейстер ашылады деп күтілуде.
Сондай-ақ Астана, Алматы, Ақтау, Түркістан және Атыраудан Ыстамбұлға, Астана мен Алматыдан Антальяға, Алматыдан Баку, Тбилиси, Пхукет және Малеге рейстерді ұлғайту жоспарланған.
Сонымен қатар Астана — Бішкек, Ақтау — Ереван, Алматы — Самарқан, Шымкент — Кутаиси бағыттары бойынша рейстер қайта ұша бастайды деп күтілуде. Ал Air Asia Х малайзиялық лоукост-әуекомпаниясы көктемгі-жазғы навигация кезеңінде Куала-Лумпурдан Алматыға, ал Thai Air Asia әуекомпаниясы Бангкоктан Алматыға ұшуды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек Qeshm AIR әуекомпаниясы «ауа еркіндігінің» 5 дәрежесін пайдалана отырып, Алматы — Токио бағыты бойынша ұшуларды орындамақ. Ал Air Astana әуекомпаниясы орта мерзімді перспективада Алматы — Тель-Авив бағыты бойынша Израильге аптасына екі рет тұрақты рейс орындау мәселесін қарастырып жатыр.
Осы тұста Қазақстанда рейсін кешіктірген әуе компанияларына 21,4 миллион теңге айыппұл салынғанын еске сала кетейік.
