Kyzylorda-news.kz Қазақстанда жеткілікті шегінің көтерілуі мен тұрғындардың сатып алу қабілетінің төмендеуі тұрғын үй нарығына әсер етуі мүмкін. Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың пікірінше, алдағы уақытта баспана бағасы төмендеу бағытында өзгеруі ықтимал, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда тұрғын үй нарығында белгілі бір тоқырау белгілері байқалады.
Баспана нарығы қазір тұралап қалғандай күйде. Үй бағасы қатты өсіп кетті. Бұған бірнеше фактор әсер етті. Оның ішінде құрылыс компанияларына қатысты қосылған құн салығы, жалпы қымбатшылық және халық табысының бұрынғыдай қарқынмен өспеуі бар, – деді Мұқаев.
Оның сөзінше, халықтың басым бөлігінің баспана сатып алу мүмкіндігі төмендеп келеді.
Мысалы, осы уақытқа дейін орташа есеппен 250 мың теңге жалақы алып жүрген адам ай сайын 50-60 мың теңге жинап, депозитіне салып отырды делік. Қазір қымбатшылық күшейді. Соның салдарынан адамдардың бұрынғыдай 50-60 мың теңгені жинауға мүмкіндігі қалмай барады. Тиісінше, баспана алуға ниетті азаматтардың саны да азайды, – деді депутат.
Мұқаев қазіргі нарықтағы тұрғын үй бағасы нақты сұраныстан гөрі жоғары деңгейде қалыптасқан деген пікірде.
Халықтың басым бөлігі қазір үй алып жатқан жоқ. Сондықтан қазіргі нарықтағы үй бағасы белгілі бір деңгейде жасанды түрде өсіп тұрған секілді көрінеді, – деді ол.
Мәжіліс депутатының пікірінше, баспана бағасы күрт құлдырамаса да, алдағы кезеңде төмендеу үрдісі байқалуы мүмкін.
Баға бірден қатты төмендеп кетеді деп айту қиын. Бірақ алдағы уақытта үй бағасы аздап болса да төмендеуі керек деп ойлаймын, – деді Дәулет Мұқаев.
Фото: Fingramota.kz
