Kyzylorda-news.kz Қазақстандағы пойыздарда интернет қашан толыққанды іске қосылатыны белгілі болды. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, бұл мәселенің жолаушылар үшін маңызды екенін жақсы түсінетінін жеткізді.

Бұл өте өзекті мәселе. Қазіргі заманда интернетсіз өмірді елестету қиын. Егер ҚТЖ жаңалықтарын бақылап жүрсеңіздер, өткен жылы біз төмен орбиталы спутниктік жүйелерді пайдалана отырып екі ірі пилоттық жобаны жүзеге асырдық. OneWeb және Starlink жүйелерін қолдандық. Әрине, алдымен олардың қажетті деңгейде қызмет көрсете алатынын техникалық тұрғыдан тексеруіміз керек болды. Бұл қызметтер Астана – Маңғыстау және Астана – Шымкент бағыттарындағы пойыздарда сынақтан өтті. Нәтижесінде пойыздарда интернет қызметін ұсынуға болатыны дәлелденді. Қазір біз жолаушылар пойыздарын интернетпен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмысты бастап жатырмыз. Мен ұлттық тасымалдаушының жолаушылар пойыздары туралы айтып отырмын, – деді Әнуар Ахметжанов.

Оның айтуынша, бүгінде «Нұрлы жол» – Семей бағыты толықтай интернетпен қамтамасыз етілген.

Қазір Алматы – Павлодар (31 және 32-пойыздар), Павлодар – Түркістан (45 және 46-пойыздар), «Нұрлы жол» – Атырау (47 және 48-пойыздар) бағыттарында және тағы бірнеше пойызда терминалдарды орнату жұмыстары жүріп жатыр. Біз ең алдымен жолаушысы көп бағыттарды таңдап отырмыз. Осылайша көпшілік интернеттің мүмкіндігін пайдаланып, оның сапасын бағалай алады. Жоспарымыз бойынша жаздың соңына дейін негізгі бағыттардың барлығын спутниктік интернетпен қамтуды көздеп отырмыз, – деп атап өтті компания басшысының орынбасары.

Фото: КТЖ

Тағы да оқыңыз: