Kyzylorda-news.kz Соңғы бес жылдың ішінде Қазақстанда онкологиялық аурулардан болатын өлім көрсеткіші 20%-ға азайды. Бұл нәтижелерге 2023–2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру аясында қол жеткізілген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Денсаулық сақтау жүйесінде жүргізілген жүйелі реформалар алдын алу, ерте диагностика және жоғары технологиялық емдеу тәсілдерін бір арнаға тоғыстырып, обырмен күрестің тиімділігін арттырды.
Негізгі көрсеткіштер мен оң динамика
2025 жылы елде обырдың 42 мыңнан астам жаңа жағдайы тіркелді. Бұл соңғы бес жылдағы орташа көрсеткіштен 7,8 пайызға жоғары, алайда мамандар мұны сырқаттанушылықтың өсуімен емес, анықтау деңгейінің жақсаруының нәтижесі деп түсіндіреді.
Қазіргі таңда 246 205 пациент динамикалық бақылауда тұр. Олардың 55 пайыздан астамы еңбекке қабілетті жастағы азаматтар, бұл онкологиялық көмектің әлеуметтік-экономикалық маңызын арттыра түседі.
Соңғы жылдары емнің тиімділігі де айтарлықтай өсті. Бес жыл және одан да ұзақ өмір сүретін пациенттердің үлесі 63 пайызға жетті, ал ерте диагностика деңгейі 33 пайыздан асты. Өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 61 жағдайға дейін төмендеді.
Инфрақұрылым мен технологияға ірі инвестиция
Кешенді жоспар аясында онкологиялық қызметке 30,4 млрд теңге бағытталды. Соның нәтижесінде елімізде 6 жаңа сызықтық үдеткіш іске қосылып, сәулелік терапиямен қамту деңгейі 61 пайызға жетті.
Медицинада адаптивті және 4D-сәулелік терапия сияқты заманауи емдеу әдістері енгізілді. Сонымен қатар Қызылорда мен Ақтау қалаларында екі ПЭТ/КТ орталығы ашылып, нақты әрі ерте диагностикаға жол ашылды.
Пациенттер үшін аса маңызды бағыт- дәрі-дәрмекке қолжетімділік те кеңейтілді. Мақсатты және иммундық-онкологиялық препараттардың 7 атауы тегін медициналық көмек аясында қолданысқа енгізілді. Қазіргі таңда 17 онкология орталығында госпитальдық фармация орталықтары жұмыс істейді.
Ерте анықтау мен алдын алуға басымдық
Асқазан-ішек жолдарының обырын ерте анықтау мақсатында 19 эндоскопиялық сараптама орталығы құрылды. Онкоскринингтер сақтандырылмаған халық үшін де қолжетімді, бұл әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
2026 жылдан бастап елімізде төмен дозалы КТ мен жасанды интеллектті қолдану арқылы өкпе обырына арналған пилоттық скрининг іске қосылады. Сонымен бірге шалғай өңірлерде жылжымалы медициналық кешендер жұмыс істеп, олардың желісі кезең-кезеңімен кеңейіп келеді.
Кадрлар даярлау және халықаралық ынтымақтастық
Қазақстан онкология саласында халықаралық тәжірибені белсенді енгізіп келеді. Түркия, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан және Қырғызстанның жетекші онкология орталықтарымен ынтымақтастық орнатылған.
Кешенді жоспар аясында 35 қазақстандық маман шетелде оқудан және тағылымдамадан өтті, бұл отандық кадрлардың біліктілігін арттыруға және жаңа технологияларды меңгеруге мүмкіндік берді.
Мамандардың айтуынша, кешенді жоспарды іске асырудың басты жетістігі -онкологиялық көмекті алдын алу мен ерте анықтаудан бастап, жоғары технологиялық емдеу мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге дейінгі біртұтас жүйе ретінде қалыптастыру болды.
Аида БАТУХАН
Фото: Нұрболат Нұржаубай
