Ана тілін білмейтіндерді аяймын. Ал біле тұра сөйлемейтіндерден жиіркенемін. Неге? Өйткені олар түп-тамырға балта шапқандар.
Аузыңды жу немесе ұстаз пәрмені
Ақселеу Сейдімбек, этнограф-ғалым, Мемлекеттік сыйластық лауреаты:

Студент шағымда Ақселеу Сейдімбектей қазақтың бағына туған ғалымнан дәріс алу бақыты бұйырды. Әр сабағына ерекше дайындықпен келетін ұстаздың дәрісіне қатысуға бәріміз ықыласты едік. Ұлттың тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне жетік шежіре кісі еді марқұм.
... Бірде тапсырма беріп, уақытылы орындауды талап етті. Сонда қайдан ғана келе қалғанын қайдам аузыма «хорошо» деген сөз түсті. Оның үстіне бұл сөзді жұрттың бәрі еститіндей екпінмен, тапсырманы уақытылы орындаймын дегендей емеурінмен айтқан едім. Ұстазым «тұр орныңнан!» деді. Қабағы қатулы. Дауысы да өктем шықты. «Бар да аузыңды жу!» деді. Артық ауыз сөз айтпай аудиториядан шақтым да кеттім. Оң мен солды енді ғана ажыратып жрген біздей жасқа Ақселеудей ғалымға ләм деу қайда?..
Қол жуатын жерге барып, аузымды жеті қайтара шайдым. Беті-қолымды салқан сумен жуып, аудиторияға келдім. Жеткенше «ағайдың мұнысы несі?» деп ойландым. Рұқсат сұрап ішке кіргенімде «бұдан былай менің алдымда аузыңды бөтен сөзбен былғама» деді. Сол сәтте Ақаңның қазақ тіліне ерекше құрметпен қарайтынын, анасын қадірлегендей қадірлейтінін ұғындым. Ақселеу Сейдімбектей тұлғасы бар елдің тілін басқа ешқандай тіл алмастыра алмайтынын түсіндім.
Ұлттық болмыстың өзегі
Мартана Дәулетбаева: Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының директоры:

Мақаланы жазу барысында Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының директоры МартанаДәулетбаевамен пікірлескен едік. Ол мемлекеттік тілдің – ел бірлігі мен ұлттық болмыстың өзегі екенін айтты. Сонымен қатар Қазақстанда қазақ тілінің орны ерекше әрі айрықша мәртебеге ие екенін тілге тиек етіп, қазақ тілі – ата-бабадан аманат болған, ұлт рухының тірегі деген пікірін білдірді
– Ел Президенті өзінің халыққа Жолдауларында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту стратегиялық маңызы бар міндет екенін үнемі айтып келеді. 2025 жылдың 3 қаңтар күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне «Мақсатым — экономиканы және егемендікті нығайту» тақырыбында берген сұхбатында «Шығармашыл жастар және креативті индустрия мемлекеттік тілді дамыту ісіне пайдасын тигізе алады. Мемлекет экономикадағы болашағы зор осы саланың өркендеуіне барынша қолдау көрсетеді. Отандық және әлемдік нарықта қаржылық жағынан тиімді әрі сұранысқа ие болатын түрлі контентті қазақ тілінде жасау қажет. Бұл жерде әдебиет, музыка, кино, сериал және компьютер ойындары туралы айтып отырмын» деген болатын.
Сонымен қатар қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру туралы да ұсыныс-пікірі – ел аузында. Бұл – еліміздің болашағы ана тілімізбен тығыз байланысты деген сөз. Бүгінде қоғам, этнос өкілдері мен жастар тарапынан мемлекеттік тілді үйрену, оқу және салалық деңгейде қолдану үшін қызығушылық танытып, сұраныстың артып келе жатқаны қуантады.
Бұл ретте Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру мақсатында жыл сайын мыңдаған азаматқа мемлекеттік тілді үйретіп, тілдік орта қалыптастыруға үлес қосып келеді. Бұл бағытта өңірімізде нақты қадамдар жасалып жатыр. Тіл үйрету процесі заманауи әдістемелермен, цифрлық технологиялармен, интерактивті тәсілдермен жүргізіледі. Біз тек тіл үйретіп қана қоймай, оның қадірін, рухани мәнін түсіндіруге, ұлттық сана қалыптастыруға басымдық береміз.
Қазақ тілінің орнын ешбір өзге тіл баса алмайды, себебі ол – тек қатынас құралы ғана емес, тұтас бір ұлттың тарихы, мәдениеті мен дүниетанымының көрінісі, – дейді Мартана Қонысбекқызы.
Туған тіліміз – әруақытта арқаланар айбарымыз, төрткүл дүниеде төрелігін табар төріміз
Баян Үсейінова, Жаңақорған аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы:

Бұл – Жаңақорған аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Баян Үсейінованың пікірі.
– Әуел баста Құдай адамды жаратқанда ұлтқа, нәсілге бөліп, өз ерекшелігімен, өз құндылығымен жаратты. Оның ішінде діні, ділі, болмыс-бітімімен бірге тілі де бар. Тіл халықтың таным-түсінігі, көзқарас көкжиегінен нәр алып, нақышы артып, өрісін кеңге жая түсетін сөз өнерін қоса қабат дамытып, өркенін кеңге жая түсетіні белгілі.
Олай болса мемлекеттігіміздің мерейін асқақтатып, мәртебесін бекемдеуде алдымен туған тілді төрге оздырып, қасиет-қадірін жүрек түбіне орнықтырғанда ғана оның алапат қуаты алпыс екі тамырды қуалап барып барша батыл бастама атаулығы алапат жан бітіреді, бір мақсатқа жұмылған ізгі ниеттің басын біріктіреді. Біздің елімізде мемлекеттік деңгейде қолға алынған жоба-жоспарлардың ала-құла, шала-шарпы бітіп, бірімен-бірі қиыспай, пікір атаулы туыспай, орта жолда омақаса жығылып, мәреге жетпей жататынының себебі де екі тілділіктің, бір-бірін жете ұқпаған, түсінбеген, асыл тілек, тәуекел талаптың мәнінен, мазмұнынан мақұрым қалып, әрқайсысы өзінше мантыраған мансапқұмарлықтың табанында тапталып қала беруімен бағы жанбай жүрген жоқ па?
Түбі ел болып, етек-жеңімізді жинап, жер бетінде өз дәргейімізді дәлелдейміз деген жұрттың ең бірінші қаруы – тіл. Өзі дамыған жұрттың сөзі де дамиды. Қазіргідей жаһандану кезінде қазақтың маңдайын жарқыратып бағын ашатын – ең алдымен оның ана тілі. Міне, осы себепті Қазақстанда қазақ тілінің орнын ешқандай тіл баса алмайды.
Туған тіліміз – әруақытта арқаланар айбарымыз, төрткүл дүниеде төрелігін табар төріміз. Оның әлеуетті негізін қалап, қоғамның бағдарына балап, ғылымның тіліне, биліктің уәкілетті үніне, өндіріс біткеннің деміне, жаңашылдықтың лебіне айналдыратын да тек өзіміз. Тілі төрге озған жұрттың өзі де төрге озады, Осыны ұмытпайық, – дейді Баян Әләуддинқызы.
Атқарылған іс аз емес
Ана тіліміздің аясын кеңейту, дамыту мақсатында Сыр өңірінде қандай шаралар атқарылып жатқанын білу үшін Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасына қарасты тілдерді оқыту орталығының осы жылдың І жартыжылдығы бойынша атқарған жұмыстарының есебін де алдырған едік.Қолда бар деректерге сүйенсек,2025 жылғы І жартыжылдығы бойынша орталық арқылы барлығы 749 адам, оның ішінде 296 адам – мемлекеттік тілді, 203 адам – орыс тілін, 250 адам ағылшын тілін оқыту курстарынан өтіп, сертификат алған екен.
Оқытушылардың жаңартылған білім мазмұны бойынша тәжірибе алмасу, кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында 30 қаңтар күні «Тілдерді оқытудың заманауи әдіс-тәсілдері» тақырыбында облыстық семинар-тренинг өтті. Орталықтың айқын имиджін қалыптастыратын, ерекшелігін танытатын логотип үлгілерін анықтау және креативті идеяларды қолдау мақсатында 15 қаңтар – 15 ақпан аралығында «Үздік логотип» байқауы ұйымдастырылған.
– Бұзан бөлек 20 ақпан күні – құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң туралы білім деңгейін көтеру және азаматтық белсенділікті арттыру мақсатында «Заң және қоғам» тақырыбында ашық пікір алаңы өтті.21 ақпан күні – көптілді тұлғаны қалыптастыру, жастардың тіл үйренуге деген ынтасын арттыру және тілдік бәсекеге қабілеттілігін дамыту мақсатында Жаңақорған және Қармақшы аудандарында «Полиглот» байқауы ұйымдастырылды.24 ақпан күні – этносаралық татулық пен бірлікті нығайту, ризашылық білдіру мәдениетін қалыптастыру мақсатында 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Алғыс айту – парызым» тақырыбында этнос өкілдері арасында эссе жазу байқауы өткізілді. 3 наурыз күні – кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, оқырмандардың рухани дамуына ықпал ету мақсатында «Кітап оқы да, сыйлықтар ұтып ал!» байқауы өтті.4 сәуір күні Орталықтың ғылыми-әдістемелік кеңес мәжілісі ұйымдастырылып, әдістемелік әзірлемелердің жоба нұсқасы таныстырылды. 22 сәуір күні «Тіл – қылыштан да өткір» тақырыбында облыстық жайдарман сайысы ұйымдастырылды.
8 мамыр күні 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Ерлік – мұра, ұрпаққа – ұран» тақырыбында Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандарында ақпараттық сағаттар өткізілді, – дейді тілдерді дамыту орталығының маманы Нұрбике Қазиқызы.
Жыл басынан бері 15 мекемеге оқу-әдістемелік құралдар таратылып, республикалық, облыстық, аудандық, қалалық, республикалық БАҚ бетіне 24 мақала мен сюжет жарық көрген.Тіл орталығының әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы ақпараттық-танымдық, қоғамдық және ағартушылық бағыттар бойынша «Трендтегі сленгтер», «Сөзтүзер», «Practical English», «Дұрыс аударып жүрсіз бе?», «Тіл қазынасы», «Көнеден жеткен сөз-мұра», «Sing and Learn English», «Сөз орамдары», «Атақты тұлғалардың алтын сөздері», «Оқуға ұсынамыз!» айдарлары тұрақты жүргізіліп келеді. – 26 мамыр күні Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті «Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ жариялаған Мемлекеттік және ана тілдерін оқыту бойынша оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу, шығару және тарату ережесіне сәйкес Орталық оқытушылары «Қазақтілді кәсіпкер» оқу құралының хабаршы нұсқасын әзірлеп, республикалық сараптамалық комиссияға ұсынды. 30 мамыр күні Орталықтың оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Г.Сембиева Түркістан облысында өткен «Тіл саласындағы өзекті мәселелер» тақырыбындағы облыстық тәжірибе алмасу семинарына қатысып, оқыту бағдарламалары туралы ақпаратпен бөлісті. 10 маусым күні өткізілген ғылыми кеңес мәжілісінде орыс тілінің оқытушылары әзірлеген «Русский язык в деловой сфере» оқу құралының тұсауы кесіліп, атаулы мерейтой иелеріне арналған ғылыми мақалалардың жоба нұсқасы таныстырылды.5-13 маусым аралығында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аясында Орталық қызметкерлерінің ақпараттық-танымдық бейнематериалдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің әлеуметтік желідегі парақшалары мен мекеменің әлеуметтік желі парақшасына орналастырылды, – делінген тілдерді оқыту орталығының мамандары ұсынған мәліметте.
Түйін
Қазақ тілі – біздің бойымызға ананың сүті, атаның қаны арқылы дарыған қасиетті әрі киелі тіл. Қасиет пен киеден бас тартсақ ұлт ретінде де жойылатынымыз анық. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай «сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады». Осыны терең түсінген тіл жанашырлары ана тіліміздің мәртебесі үшін тоқтаусыз күрес жүргізіп келеді. Бұл жәй күрес емес, бұл – мәдени һәм әдеби күрес. Ал қазақ тілі үшін жанұшыра күресетіндер барда, оның орнын басқа ешқандай тіл баса алмайды. Өйткені Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар, ол – ҚАЗАҚ ТІЛІ!
Әзиз БАТЫРБЕКОВ
