Kyzylorda-news.kz Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев сауданың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Министрдің айтуынша, 9 айда сауда саласының нақты көлем индексі 108,8% болды. Номиналды түрде сауда көлемі 52,8 трлн теңге болып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,5% өсім көрсетті.

– Мұндай өсім елдің барлық өңірде байқалады. Әсіресе сауда өсіміне ең көп үлес қосқан өңірлер — Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Атырау және Қарағанды облыстары. Аталған бес өңірдің үлесіне жалпы сауда көлемінің 71,3% немесе 37,6 трлн теңге тиесілі, – деді А.Шаққалиев.

Көтерме сауда көлемі 35 трлн теңгеден асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,6% артты. Негізгі өсімге шикізаттық емес тұтыну тауарлары мен өндірістік-техникалық мақсаттағы тауарлар үлес қосқан. Бұлардың үлесі шамамен 82% құрайды. Қыркүйек айында шикі мұнай мен табиғи газды өткізу көлемі азайған.

Бөлшек сауда да тұрақты өсім көрсетіп отыр. Сауда кәсіпорындары арқылы сату 6,7% өсті, жеке кәсіпкерлер арқылы, оның ішінде базарларда жұмыс істейтіндерді қосқанда 8,1% астам деңгейінде қалыптасты. Өңірлер бөлінісінде бөлшек сауда айналымы бойынша алғашқы үштікке Алматы (32,8%), Астана (14%) және Қарағанды облысы (7,3%) кірді, – деді Сауда министрі.

– Сонымен бірге, бөлшек сауда айналымының маңызды драйверлерінің бірі – электронды сауда болып отыр. Жедел бағалау деректеріне сәйкес, осы жылдың 9 айында онлайн-сатылым көлемі шамамен 2,7 трлн теңге болды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14% жоғары, – деді спикер.

Фото: freepik.com

Тағы да оқыңыз: