Kyzylorda-news.kz Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова Қазақстандағы жоғары оқу орындарына түсуде, әсіресе педагогикалық факультеттерге қойылатын талаптарды күшейтуді ұсынды. Бұл туралыStan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат Ирина Смирнованың пікірінше, педагогикалық мамандыққа шын мәнінде ұстаз болғысы келетіндер ғана түсуі керек.

"Болашақ педагогтарға қойылатын талаптардың төмендеп бара жатқанын байқаймыз. 2024-2025 оқу жылына арналған білім беру гранттарының нәтижесіне сәйкес "Педагогика және психология" мамандығы бойынша ең төменгі балл небәрі 81 балды, ал "Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу" бағыты бойынша 75 балды құрады. Салыстырар болсақ, "Құқықтану", "Заң", "Журналистика және репортерлік іс" секілді сұранысқа ие бағыттарда грант иегерлерінің ең төменгі балы 115-тен басталады. Біз педагог мамандығына тек шынымен де балалармен жұмыс істеуді қалайтын, білім мен тәрбие беруге ынталы жастар түсуі керек деп есептейміз. Бұл мамандықты тек грант алу үшін басқа мүмкіндік болмаған соң таңдауға жол беруге болмайды", – деді Ирина Смирнова.

Сонымен қатар депутат фракция педагогикалық мамандықтарға бірыңғай ең төменгі шекті балл енгізуді ұсынатынын жеткізді.

"Бұл ең мықты, ең ынталы кандидаттарды тартуға мүмкіндік береді. Біз үздік бітірген түлектерді, оқуын "үздік" аяқтағандарды жұмысқа орналастыру тетігін енгізуді ұсынамыз. Олар оқуды аяқтағаннан кейін өздері жұмыс орнын таңдауға мүмкіндік алуға тиіс. Қазір түлектер көбіне жұмыс іздеуге мәжбүр, тәжірибе мен аттестация талаптары жас мамандар үшін үлкен кедергіге айналды", – деді депутат.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: