Kyzylorda-news.kz 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасында ауылдық шағын жинақты мектептердің білім беру үдерісіне жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған ұлттық білім беру платформасының пилоттық жобасы іске қосылды.

Пилоттық жобаға алғашқы кезеңде Қызылорда және Павлодар облыстарының 10 шағын жинақты мектебі қатысуда. Оның ішінде Қызылорда облысынан Арал ауданындағы №58, №227 және №22 мектептер, Қазалы ауданындағы №259 мектеп және Шиелі ауданындағы №84 шағын жинақты мектеп пилоттық жобаға енгізілді.

Жобаның алғашқы сабағына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің міндетін атқарушы Жаслан Мәдиев қатысты.

Жоба аясында ауыл мектептерінің оқушыларына сабақтарды Астана қаласының жетекші педагогтері арнайы студиядан тікелей эфир арқылы өткізеді. Оқушылар цифрлық платформа арқылы онлайн қосылып, білім алады. Ал мектептердегі жергілікті педагогтер онлайн және офлайн оқыту үдерістерін үйлестіріп, оқушыларға әдістемелік қолдау көрсетеді.

Ұлттық платформа тікелей оқытуды, заманауи білім беру контентін және жасанды интеллект құралдарын біріктіреді. Бұл өз кезегінде ауылдық шағын жинақты мектептердің оқушыларына тәжірибелі педагогтердің сапалы білім беруіне қолжетімділікті кеңейтіп, қала және ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты төмендетуге мүмкіндік береді.

Жобаны іске асыру аясында 2026 жылғы 21–25 тамыз аралығында Астана қаласында педагогтерге арналған ALFA Kazakhstan Teacher Training Camp бес күндік оқыту бағдарламасы ұйымдастырылды. Оқу барысында мұғалімдер жасанды интеллект платформасын пайдалану және бірлескен оқыту моделін тиімді жүзеге асыру бағытында арнайы даярлықтан өтті.

Алдағы кезеңде пилоттық жобаның нәтижелері негізінде ұлттық платформаны еліміздің өзге өңірлеріндегі мектептерге кезең-кезеңімен кеңейту жоспарлануда.

Тағы да оқыңыз: