Kyzylorda-news.kz Қазақстанда күзгі-қысқы кезеңге дайындық аясында электр желілерін күрделі жөндеу бойынша жоспарланған жұмыстар толық орындалды. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады.

Биыл еліміз бойынша 17,1 мың шақырым электр беру желісі, 444 қосалқы станция және 3,4 мыңнан астам тарату және трансформаторлық пункт жөндеуден өтті.

Жөндеу жұмыстарының ауқымды көлемі Ақмола, Павлодар және Жамбыл облыстарында атқарылды.

Атап айтқанда, Ақмола облысында 2,6 мың шақырымнан астам электр желісі, 49 қосалқы станция және 555 тарату мен трансформаторлық пункт жөнделді. Павлодар облысында 2 444 шақырым электр беру желісіне, 52 қосалқы станцияға және 609 тарату мен трансформаторлық пунктке күрделі жөндеу жүргізілді. Ал Жамбыл облысында 1,8 мың шақырымнан астам электр желісі, 63 қосалқы станция және 316 тарату мен трансформаторлық пункт жаңғыртылды.

Ведомствоның мәліметінше, атқарылған жұмыстар электрмен жабдықтаудың тұрақтылығын арттырып, энергетикалық нысандардың жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық бақылау және қадағалау комитеті жылыту маусымы кезінде электр энергетикасы нысандарының жұмысына тұрақты бақылау жүргізуді жалғастырады.

Сурет: freepik.com

Тағы да оқыңыз: