Kyzylorda-news.kz. Наурыз айында елімізде үлкен серпіліс болғалы тұр. Оның басты себебі – сайлау науқаны. Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы мен мәслихат депутаттарын да сайлауы өткізілмек. Бұл еліміздің дамуына елеулі үлес қосатын азаматтар келеді деген сөз. Шыны керек, сайлауға қатысты халықтың пікірі көп жағдайда негативті. «Бәрі алдын ала шешіліп қойылған» деп қаңқу сөз айтатындар аз емес. Алайда бәріміз бір ауыздан сайлауға барып, өз кандидатымызға дауыс беру арқылы сайлаудың әділ өтуін қадағалай алатынымызды ұмытпайық.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, биыл мәжіліс депутаттарын сайлау ерекше болғалы тұр. Өйткені мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізіммен, 30 пайызы бір мандаттық жүйемен сайланады. Сондай-ақ, облыстық маслихат депутаттарының 50 пайызы партиялық тізім бойынша, 50 пайызы бір мандаттық жүйе тәртібімен сайланып, ауылдық және қалалық мәслихаттарының депуттары бір маңдаттық жүйе бойынша сайланатын болып бекітілді. Бұған қоса, саяси партиялардың тіркеуден өту тәртібі жеңілдетілді. Нақтырақ айтсақ, олардың сайлау қорытындысымен Мәжіліске өту шегі 7 пайыздан 5 пайызға төмендеді. Депутаттық мандаттардың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға беру заңмен белгіленді. Бұл өте қуантарлық жайт. Жастардың билікке келуі еліміздің іргесі мықты болады деген сөз. Тек жөргегінен жорғалаған жағымпаз жастар емес, білімді, батыл, намысшыл, өз тілін, өз ұлтын құрметтейтін жастар келсін деп тілейміз. Қазақ халқы, желбуаз сөздер мен құрғақ уәделерден шаршады. Сондықтан билікке істің адамдары келеді деп сенеміз. Алдағы сайлау нағыз тұлғалардың текетіресі болғай. Барлығымыз, сайлауға дауыс беруді азаматтық борыш ретінде қабылдап, Қазақстан алпауыт елге айналуына нық қадам жасайық!
Азамат АБИМОЛДА
