Kyzylorda-news.kz «Қазақмыс» корпорациясы хабарлағандай, жеті кенші қаза болған Жомарт кенішіндегі апат орнында авариялық-құтқару бригадалары тау жынысының опырылмағанын анықтаған.
«Қазақмыс» компаниясы Жомарт кенішінде болған апаттың бастапқы нұсқасын жоққа шығарды.
«Кеніштегі жұмыс тергеу аяқталғанға дейін тоқтатылды. Табиғи газдың жарылуына не себеп болғаны талданып жатыр. Компания Үкіметтік комиссиямен және тергеу органдарымен қоян-қолтық жұмыс істеуде және қолданыстағы қауіпсіздік стандарттарына түзету енгізуді жоспарлап отыр. Соңғы үш жылда «Қазақмыс» еңбек қауіпсіздігіне 87 млрд теңгеден астам инвестиция салды, ал 2025 жылға жоспарланған қаржыландыру көлемі 38 млрд теңгені құрайды. Компания жұмыскерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық береді», - деп мәлімдеді компанияда.
Cондай-ақ, хабарламада «Жомарт» кенішіндегі қайғылы оқиғаға байланысты «Қазақмыс» компаниясы қаза тапқан жұмыскерлердің отбасын қолдау үшін шұғыл әрекет етіп, нақты шара қабылдап жатқаны айтылған. Атап айтқанда, ішкі штаб құрылып, өтемақы төлеу, мәйіттерді тасымалдау, несие бойынша міндеттемелерді орындау және отбасы мүшелерін жұмыспен қамту мәселелері назарға алынған. Қаза болған кеншілердің жақын туыстарының өтініші бойынша үш мәйіт Түркістан, Қарағанды облыстарына, қалғандары Жезқазған, Сәтбаев қалаларына жеткізілді.
Бұдан бөлек, «Қазақмыс» компаниясының жұмыскерлерін жазатайым оқиғадан сақтандыратын «KM Life» сақтандыру компаниясы қаза тапқан әр кеншінің асырауында бала болғанын ескеріп, олардың отбасына асыраушысынан айырылуына байланысты сақтандыру төлемін тағайындайды.
Сақтандыру төлемінің мөлшері қаза болған кісінің асырауындағы адамдардың санына және оның орташа айлық жалақысына байланысты болады. Бұл төлемдер балалар 18 жасқа толғанға дейін ай сайын төленеді, егер олар жоғары оқу орнының күндізгі бөлімінде оқыса, 23 жасқа дейін төленеді. Сондай-ақ 14 жасқа дейінгі балаларға күтім жасайтын, жұмыс істемейтін аналарға да төлем тағайындалады.
Ал ұжымдық келісімшартқа сай, марқұмдардың отбасына жерлеу рәсімін атқару үшін 2,2 млн теңге мөлшерінде біржолғы төлем аударылған. Алдағы уақытта оларға 84 млн теңгеден 141 млн теңгеге дейін жететін жылдық жалақының 10 еселенген мөлшері төленеді.
Сондай-ақ асыраушысынан айырылу жағдайына ай сайынғы төлемдер, балалардың оқу ақысын төлеу, сондай-ақ отбасы мүшелерінің өтініші бойынша басқа да көмек түрлері қарастырылған.
Сонымен қатар қаза болған кеншілердің банк алдындағы қарызы назарға алынуда. Қазіргі таңда Bank RBK, Kaspi және Halyk Bank-те жалпы сомасы 47,5 млн теңгені құрайтын несие мен ипотека анықталды. Қарызды өтеу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Фото: kazakhmys_official / Instagram