Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасының 300 жылдығына арналған «Қазақ-жоңғар соғыстары: тарихы мен тағылымы» тақырыбында ғылыми-танымдық конференция өтті.

Жиын барысында тарихи оқиғалардың маңыздылығы, қазақ батырларының ерлігі туралы кеңінен айтылды.

«Халық батырлары атамекенді жаудан қорғауда ерекше ерлік пен табандылық көрсетті. Билер мен сұлтандар күресті ұйымдастырушылар ретінде зор еңбек сіңірді. Жоңғарларға қарсы біртұтас әскер ұйымдастыруда қазақ елі ауызбіршілік таныта білді. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы батырлардың өздеріне тән ар-намыс  кодексі, жауынгерлік этикасы мен дәстүрі де қалыптасты. Олар ерлік пен ізгілікті мұрат тұтты. Батырдың басты міндеті – елі мен жерін жаудан қорғау, сонымен қатар нағыз батыр жүрегі ізгілік пен мейірімге толы, достыққа адал, сертке берік, елге тұтқа әрі пана бола білетін тұлға болды. Сондықтан, батырлардың рухани-моральдік бет-бейнесі мен негізгі қызметін халқымыздың этномәдени жүйесінің ажырамас бөлігі ретінде қарастыруға тиіспіз», – деді университеттің Басқарма мүшесі-Ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Майнұр Әбілтайқызы.

Шарада Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Тарих және археология» білім беру бағдарламасының доценті, тарих ғылымдарының докторы Өтеубай Қожақұлы «Алапат ауыр зұлмат жылдар» тақырыбнда, «Тарих және археология» білім беру бағдарламасының қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының докторы Сәтбай Тастанбек «Ел қорғаны – Тауасар Тілекұлы» тақырыбында, «Тарих және археология» білім беру бағдарламасының аға оқытушысы, философия докторы (PhD) Дәулет Омаров және ZOOM платформасы арқылы М. Өтемісов атындағы БҚМУ-нің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев  «Әбілқайыр хан: сардар һәм саясаткер» тақырыбында баяндама жасады.  

Конференцияға университеттің проффессор-оқытушылары мен білім алушылар, сондай-ақ мектептегі тарих пәнінің оқытушылары қатысты.

IMGL2185.jpg


 

Тағы да оқыңыз: