Kyzylorda-news.kz. Кілем тоқу – халық қолөнері, көркем өнер шығармаларының ең көне түрі. Кілемді ата-бабаларымыз әсемдік үшін, сондай-ақ киіз үйдің жылылығын сақтау үшін қолданған. Бүгінде қолөнер шеберлері көбейіп кәсіп ашып көпшілікке өз туындыларын ұсынуда.
Ондай қолөнер шебері Сыр өңірінде де бар. Кілем тоқып, кәсіп жасап, көпке үлгі болып отырған қолөнер шебері Сырдария ауданына қарасты Айдарлы ауылында тұратын Роза Әлбатырова.
Бүгінде жасы жетпістен асқан қолөнер шебері халқымыздың ғасырдан ғасырға созылған құндылығын жас ұрпаққа дәріптеп келеді. Өзі кілем тоқуды алты жасында әжесі мен анасынан үйренген. Қазір де сол әдетінен жаңылған жоқ. Қолынан шыққан дүниелерге қарапайым халық оң бағасын беріп жатады. Шебердің кілемі 1 млн теңгеге дейін сатылады. Оған шетелдік азаматтардың қызығушылығы зор. Олар арнайы тапсырыспен алдыратын көрінеді. Шебер кілем тоқу өнер ғана емес, адамды еңбекке баулу, үйге жылулық сыйлау екендігін айтады. Әсіресе, ұмытылып бара жатқан қазақ өнерін жастарға насихаттап көрсету үлкен құндылық дейді.
− Қазір базарға барсаң, кілемнің неше түрін кездестіруге болады. Десе олардың арасында өзіміздің кілемнің жоқтығы қынжылтады. Бұл дүние үйге жылулық пен сұлулық сыйлайды емес пе? Сондықтан бұны кейінгі жастарға насихаттау керек. Кезінде үлкендер біз ес білген шақтан қолөнердің қыр-сырын үйрететін. Қазір барлығы дайын. Ешкім қиналғысы келмейтін болды. Кілемнің түрі көп. Иран, Түркия елдерінен келген кілемдер көздің жауын алады. Олардың бағасы да қымбат», — дейді қолөнер шебері.
Қазір ауылда қолөнер шебері үйренемін деген қыз-келіншектерге ақыл-кеңесін береді. Әйелдердің басын қосып, ұлттық дәстүрді жаңғыртуға белсене атсалысып келеді. Алайда Роза апа кілем тоқу, киіз басу тірлігінен бүгінгі халықтың алшақтап бара жатқандығына қынжылады.
− Бұрын ауылда қыз-келіншектер жиі бас қосып, кілем тоқып, киіз басатын. Бір-бірінің үйіне барып киіз басып көмектесу болатын. Бұл үлгі, елдің ауызбіршілігі еді. Өкініштісі, осы тірліктен көз жазып қалдық. Қазақстан Шеберлер одағының мүшесі болдым. Ашығын айтқанда, біз түкті кілемнің қадірін білмейміз. Көп елде қолдан тоқылған кілемдер жоғары бағаланады. Жыл сайын Астанадағы ұлттық өнімдер жәрмеңкеге шақырып тұрады. Сол жиынның бірінде итальяндық келіншек мен тоқыған кілемге тапсырыс беріп, біреуін сатып алды. Қазір 2×3 көлемді түкті кілем 600 мың теңге тұрады. Оның ішіне жіптің бағасы мен әйелдердің еңбегін қосыңыз. Екі айға жуық уақыт жұмсаймыз, — деді Р. Әлбатырова.
Қолөнер шебері қазір жіп иіретін әйелдердің де жоқ екенін тілге тиек етті. Қазіргі күні олар дайын жіпті Алматыдан сатып алуға мәжбүр. Жалпы, өте жұмсақ болуына байланысты кілем тоқуға меринос қойдың жүнінен иірілген жіп жарамайды. Айтуынша, жіп иіретін арнайы құрылғы Ресейде бар.
− Қазір елімізде малдан қырқылған жүн ешбір кәдеге жарамай жатыр. Қадірін білмей жатқанымыз шын. Қайсыбір кезеңде қойды үш рет тоғытып, содан кейін барып жүні қырқылатын. Қазір ұстап алады да айдалада топырақтың үстінде қырқа салады. Оны тазалау да мүмкін емес, жарамсыз, табиғи суға жуылмағасын иісі де кетпейді. Бұрын жүннің қиқымы да қалмайтын. Қай кезде де табиғи, таза, қолдан жасалған бұйымға сұраныс жоғары. Жіп мәселесі шешілсе, тапсырыс та көп болады, — дейді кілемші.
Қолөнер шебері шәкірт тәрбиелеуге баса назар аударып келеді. Соның бірі — өзінің немересі Ақмарал. Ол М. Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжін бітіріп, ауылда үйірме ашыпты. Ал 3 жасынан кілем тоқуды үйреніп келе жатқан Қырмызы атты немересі әжесінің жанынан бір елі қалмайды. Өзінің қызығушылығы да жоғары.
Жалпы қазақы құндылықты дәріптеп, кейінгі ұрпаққа насихаттап жүрген қолөнер шеберінің ісі көпке үлгі.