Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы жүргізіліп жатқан шаралар бойынша мониторингтік топ өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты "Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы" РМК "Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы" аса қауіпті инфекциялар мониторингі бөлімінің эпидемиолог дәрігері А.Төлеуов пен зоолог маман У.Өсенов, сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары аудан аумағында жүргізіліп жатқан эпидемиологиялық жағдайды баяндады.
Мамандар тұрғындар арасында санитарлық ағарту жұмыстарын күшейту, кенеге қарсы залалсыздандыру шараларын жүйелі жүргізу және ветеринариялық бақылау жұмыстарын үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.
Аудан әкімі Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы күресті күшейту – ортақ міндет екенін айтып, ауылдық округтерде профилактикалық шараларды жалғастыру, тұрғындармен ақпараттық түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізу, дәрігерлер мен ветеринар мамандардың өзара іс-қимылын арттыру қажеттігін тапсырды.