Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданында бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің төрінде төтенше жағдайлар, оның ішінде өрт пен судағы қауіпсіздік басты назарда тұрғаны белгілі. Әсіресе, жаз мезгілінде аптап ыстықта балалардың су айдындарында шомылуы, азаматтардың ереже сақтамай өзен жағалап, өздерінше демалыс ұйымдастыруы шектен шығып тұр. Орман мен тұрмыстық өрттің де залалы аз емес, темір тұлпарлардан шыққан ақау, үй ауласындағы жану оқиғасы жыл сайын қайталанып, дәстүрге айналып барады. Осы жағдайларды алдын алу, болдырмау, тұрғындарға тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізуде жауапты мамандарға артылар жүк аз емес. Бүгін әдеттегідей бұл мәселелер төңірегінде жауап беретін қызметкерлердің басын төл басылымда қосып, кезекті брифинг өткіздік.
Бұл дөңгелек үстелге ұйытқы болған төтенше жағдайлар бөлімі болатын. Жаз басталғалы көл-тоғандарды, өзен мен өзекті аралап рейд жүргізіп, тұрғындар қауіпсіздігін басты назарда ұстап жүрген бөлім қызметкерлері аудан халқына кеңінен түсіндірме жүргізуді ұсынды. Бұл жолы төтенше жағдайлар бөлімінен бөлек аудан әкімдігінен, полиция қызметкерлері, газдан, жастар мен орман шаруашылығынан жауапты қызметкерлер келіп, атқарылып жатқан жұмыстарын жүйеледі.
Шыңғыс ЖӘДІКОВ,
аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау каптитаны:
– Бұл тақырыптың өзекті болуы заңды құбылысқа айналып барады. Балалардың қауіпсіздігі, аға буынның қаперсіздігі, одан қала өрт оқиғасының жиілеуі ауданда ғана емес, жалпы қоғамда өршіп барады. Сондықтан соның алдын алу аса маңызды, бүгінгі басқосуда осы екі тақырып бойынша жиналып отырмыз. Жалпы аудан аумағында 2023 жылдың 6 айында 73 төтенше жағдай тіркелді. Бұл былтырғы жылмен салыстырған едәуір көп. Оның ішінде, өрт оқиғасының саны 18-ге жетсе, өртке жатпайтын жану оқиғасы – 35, адам жоғалу бойынша 2 іс орын алды. Улану, терезеден құлау сында жағдайлар да кездесті. Бүгінгі бірінші мәселе, осы өрт апатын алдын алу, орман өрті болсын, үй жағдайындағы жану оқиғасы болсын дайындықты пысықтау. Екінші, кезекте, суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік бойынша рейд шаралары күн сайын өткізілуде. Жасөспірімдердің суға түсіуі мен азаматтардың масаң күйінде шомылуы басты назарда. Биыл азаматтық қорғау және төтенше жағдайлар бойынша өткізілетін оқу-жаттығулар жоспарына сәйкес, барлығы 406 оқу-жаттығуөткізілді. Жаңақорған ауданы бойынша барлығы 8 эвакуациялық жинақтау пунктері мен 8 эвакуациялық қабылдау пунктері орналасқан. Жыл басынан бері түрлі тақырыпта аудио және бейнежазбалар дайындалып, қауіпсіздік шараларын алдын алу мақсатында тұрғындарға таратылып, орталықта экраннан көрсетілді. Қос мәселе бойынша құзырлы органдармен, әкімдікпен бірлесе отырып жұмыстарды жалғастыра беретін боламыз.
Өскен МҮБАРАК,
№14 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау капитаны:
– Жалпы дабыл бойынша былтырғы жылмен салыстырғанда биыл тіркелгендер саны 19 пайызға өскен. Негізгі салдары үй ауласындағы күл-қоқысты өртеп, бақылаусыз қалдырғаннан басталған. Деректі көбейтіп тұрған өрт оқиғасына жатпайтын, яғни үй ауласындағы қоқыстардың тұтануынан туындап отыр. Ең өкініштісі, соның салдары көрші үйлерге зиян көбірек келгені көрсетіп тұр. Департамент бастығының бұйрығымен жыл басынан бері аудан көлемінде 8559 тұрғын үйді аралап, түсіндірме жұмысын жүргіздік. Әзірге 36639 адам қамтылды. Рейдтік шаралар бойынша көбіне жастар ресурстық орталығымен бірлесе жұмыс жасауды жалғастырып келеміз.
Сол секілді орман өртіне байланысты да жұмыстарды жүйелеп, бақылауды күшейттік. Өйткені, өзен мен көл жағасына демалысқа барған тұрғындар өрт қауіпсіздігін сақтай бермеуі мүмкін. Осы жағдайларды бақылаусыз қалдырмауымыз керек.
Шерхан АШИМОВ,
аудан әкімі аппараты жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бөлімі басшысы:
– Шыны керек, біздің ауданда арнайы суға түсетін орындар, бассейн немесе белгіленген айдындар жоқ. Көршілес аудандар мен облыс орталықтарында бар, бірақ оған жиі баруға аудан халқының қалтасы көтере бермейді. Сондықтан амалдың жоғынан дария мен көлдерді көбіне жастар жағалап жүреді. Әрине ол қауіпті, дегенмен, сағат сайын олардың ізін аңду мүмкін емес. Соған қарамастан арнайы тақтайшалар ілініп, ескертпелер таратылуда. Осы үрдісті кеңінен қолданып, тақтайшаларды көбейту әлдеқайда тиімді болар еді. Екіншіден, өртке байланысты қазір күн өте ыстық, сәл жел болса болды шоқтың өзі отқа айналып кетуде. Қазір үй жағдайында болған соң лезде ауыздықтап жатырмыз. Егер орман өрт оранса, онда онымен күресу оңайға соқпайды. Оны солтүстік өңірдегі апат бізге көрсетіп, тіпті сабақ болып берілді. Сондықтан аудан тұрғындары алдымен сана мәдениетін қалыптастырса, содан кейін балаларға барынша бақылау жасаса жөн болар еді. Біздің болашағымыз осы жеткіншектер.
Расул ҚАРАҚОЖАЕВ,
аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
– Қаззір жаз мезгілі болған соң тұрғындар көгілдір отынды көбірек пайдалана қоймайды. Осы мезгілді пайдаланып тұрғындар пештері мен жылыту трубаларын тексертіп алғаны әлдеқайда абзалырақ болады. Әрине біз де ескертпе жасаймыз, дегенмен басым бөлігі қыс жақындағанда қамданады. Қазақта “қыстың қамын жаз ойла” дейді, сондықтан сақтық шараларын осы бастан бастаған жөн. Әрине апат айтып келмейді, сондықтан жазда дайындықты пысықтап қойсақ дұрыс болар еді. Биыл газдан өрт болған жоқ, лайым болмағаны дұрыс. Дегенмен иістен улану фактісі тіркеледі, осыны да осы бастан ойлап, ерте іске көшсе дейміз. Қазір газ мәселесіне байланысты жеке мекемелер бар, қауіпсіздікке жауап бере алады. Бұл өртті болдырмау емес, адам өмірінің алдын алуы деп түсінгеніміз дұрыс.
Мейржан ЖАНДАРБЕКОВ,
Аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің патрульдік полиция тобының аға қызмет инспекторы, полиция капитаны:
– Жаз басталғалы төтенше жағдай бөлімі қызметкерлерімен су айдындарындағы рейдтік шараларға шығып келеміз. Бұл шараға жиі араласып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге біз де міндеттіміз. Негізінен әрбір полиция қызметкерінің өзіне белгіленген аумағы бар. Олар құзыреті бойынша жиі-жиі тексеру ұйымдастырып, тұрғындардың тынышын күзетуде. Көбіне дария аумағына тиесілі учаскелік полиция қызметкерлері бақылауға көбірек мән береді. Өйткені, көлікті масаң күйде басқарып немесе демалысқа келген тұрғындар сары суға масайып суға түсуге құмартып тұрады. Осындайда тұрғындар қауіпсіздікке көп мән бере бермейді, мүмкіндігінше тыйым салуға тырысамыз. Тек көктем мен күзде ғана емес, жыл он екі ай орман мен көл-тоғандар, су айдындары жағалауын барынша бақылауда ұстауға күш саламыз.
Наурызбай ОРЫНБАСАРОВ,
аудандық қоғамдық даму бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ директоры:
– Жастар тарапынан су айдындарындағы қауіпсіздікке көбірек ат салысудамыз. Өйткені, жастар мен балалардың дәл қазір суға шомылуы артып барады. Әрине балық аулауға, суға түсуге ешкімге тыйым сала алмаймыз. Дегенмен белгіленбеген жерлерде сақтық шараларын сақтамағандарды бақылауға біз де мүмкіндігімізше әрекет жасаудамыз. Аптасына 2-3 рет құзырлы органдармен бірлесе рейдтке шығып, түсіндірме жұмысын жүргіземіз. Жыл басынан бері арнайы бейнебаяндар түсіріп, ескертпе ретінде аудан жұртына таратудамыз. Жастардан бұрын балалардың бақылаусыз қалып кетуі бізді қатты алаңдатады. Жыл сайын кәмелетке толмаған қаншама жеткіншек көлдер мен каналдарға түсіп, қыршыннан қиылып жатыр. Биыл Алла өзі жар болсын, әзірге қайғылы оқиға тіркелмеді. Жауапты сала мен жастар болып бірлесе жұмыс жасауымыз осы әрекеттердің алдын алуы. Біз жұмысымызды жалғастыра береміз.