Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға аудандық мекеме және бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып, ауылдық округ әкімдері селекторлық режим арқылы қосылды.
Мәжілістің күн тәртібінде құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық орындарда вандализм әрекеттеріне жол бермеу, су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы қаралды.
Жиын барысында жауапты сала басшылары атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасап, өз бағыттары бойынша жүзеге асырылып жатқан іс-шараларға тоқталды. Құқық қорғау органдары тарапынан қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар сараланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды. Сонымен қатар, жаз мезгілінде тұрғындардың су айдындарында қауіпсіздік талаптарын сақтауын қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ, елді мекендердің санитарлық тазалығы, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарының сапасы талқыланып, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан шаралардың тиімділігі қаралды. Аудан әкімі тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы түсіндіру жұмыстарын күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
Мәжіліс қорытындысы бойынша аудан әкімі Ардақ Ибраимов жауапты мекемелер мен ауылдық округ әкімдеріне қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстарын күшейтуді, вандализм фактілерінің алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдауды, су айдындарында қауіпсіздік талаптарының сақталуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар, санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарын сапалы ұйымдастырып, белгіленген міндеттердің уақытылы әрі нәтижелі орындалуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Жалағаш ауданы аумағындағы қауіпсіздік пен тазалықты қамтамасыз ету – барлық жауапты мекемелер мен тұрғындардың ортақ міндеті. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру арқылы қоғамдық тәртіпті нығайтып, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік туады.
