Kyzylorda-news. Жалағаш ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты, оның ішінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, аудан аумағында азаматтық қорғанысты ұйымдастыру және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, төтенше жағдай аймағында халыққа көмек көрсетуді жүзеге асырады.
Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі жұмысының басты бағытының бірі аудан аумағында қандайда болмасын төтенше жағдайлардың алдын алу және болдырмау мақсатында профилактикалық іс шаралар жұмыстарын жүргізу.
Осыған байланысты жазғы демалыс кезеңінде балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылды. Осы жылдың мамыр айынан бастап аудан халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су айдындарына күнделікті сағат 15:00-ден, 21:00-ге дейін кестеге сәйкес кезекшілік қойылды. Көп жағдайда жасөспірімдердің, балалардың үлкендердің қарауынсыз су айдындарының жағалауына баруы салдарынан оқыс оқиғалардың құрбаны болып жатады. Бұл ретте, жазғы демалыс кезеңінде балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Оқушылар жазғы демалысқа шығар алдында да мектеп директорларының бақылауымен суға түсу мауымындағы қауіпсіздік ережелерін сақтау, өз бетінше су айдындарына бармау секілді ескертпелердің жан-жақты түсіндірілуі де аса маңызды.
Айта кетейік, аудан аумағында ресми түрде белгіленген, рұқсат етілген суға шомылатын орындар жоқ. Белгіленген суға түсу орындарының болмауынан азаматтардың суға түсу маусымында көп шомылатын орындары нақтыланып, бақылауға алынған. Көбіне тұрғындар Әйтек, Елтай, Ізбай каналы, Иіркөл, Асар-Төбе көлдері мен Сырдария өзеніне шомылады. Аталған шомылу орындарына ересектермен қатар жасөспірім, балаларда бой көрсетеді. Өкініштісі, суға түсу ережелеріне салғырт қарайтындар суға түспес бұрын денені шынықтыру, қыздыру керек екенін естен шығарып жатады. Осының салдарынан аяқ-қол тамырларының тартылып қалуы жиі кездеседі. Сондықтан судағы апаттан қорғанудың ең сенімді жолы суда шомылу ережелері мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау болып табылады.
Ал жыл басынан бері Жалағаш ауданы төтенше жағдайлар бөлімі бойынша ақпаратты есепке алу кітабына 83 хабарлама тіркелді, оның ішінде 33 өрт, 21 өртке жатпайтын жану оқиғалары, 29 басқа да шығыстар болып табылады. Біз оқыс оқиғалардың алдын алуда біршама профилактикалық және түсіндірме жұмыстарын жүзеге асырамыз. Нәтиже бар, қарапайым халыққа да, бізге де апатпен күрескеннен оның алдын алған әлдеқайда тиімді. Бірақ мұны түсінсе қанекей, міне, сол ортақ түсініктің болмауынан біз кейде төтенше жағдайлармен бетпе-бет келіп жатамыз.
Барлық орын алған өрт оқиғаларының 21-і тұрғын үйлерде орын алған. Ал жыл басынан бері 5 автокөлік өрті тіркелді. Мұнанбөлек 8 орман-дала өрті орын алды. Көбіне өрт оқиғаларының орын алуына қарапайым халықтың қауіпсіздік ережесін сақтамауы басты себеп болып жатады. Өкініштісі арты қайғылы жағдаймен аяқталған өрт оқиғасы да тіркелді. Бұдан біз сабақ алуымыз керек. Себебі мемлекеттің басты құндылығы адам екенін тек сала қызметкерлері ғана білуі тиіс емес, оны баршамыз түсінуіміз керек. Болмашы қателіктің арты қайғылы жағдайға ұласуы кімге болса да оңай соқпасы анық. Мәселен, ауданда қазіргі таңда өрттің басым көпшілігі тұрғын үй секторында орын алып отыр. Жыл басынан бері тұрғын үйлерде 21 өрт оқиғасы орын алса, оның барлығына басты себеп тұрғындардың өз үйлерінде өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамауы болып отыр.
Жалағаш ауданы төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері болып тұрғын үйлерге өрт қауіпсіздік ережелері сақталу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді.
Ал екінші сауалыңызға берер жауабым қуантарлықтай емес. Себебі түсіндірме жұмыстарына қарамастан өрт оқиғалары азаймай отыр. Өрттің басым көпшілігі тұрғын үйде электр сымдарының қысқаша тұйықталуынан, бір мезетте бір электр желісіне шамадан көп тоқ көзін қосуы, тоқ көзі розеткада қосулы күйде қалдыруы, төсек орындарда шылым шегуінен, аула ішінде ашық от жағуынан болып жатады. Қаперде ұстауы тиіс қарапайым ереже бар. Бастысы соны орындаса болғаны. Көбінде біз пәтер өртінің орын алуы пештегі оттан, немесе көгілдір отыннан деп түйеміз. Негізінен сол тілсіз жаудың орын алуына тоқ та себеп болып жатады. Ең алдымен электр өткізгіштердің, ажыратқыштардың және ток көздерінің дұрыс жұмыс істеуін қадағалаңыз. Электр аспаптарын, плиталарды жарамды күйде қолданып, перделер мен жиһаздан алшақ, жанбайтын тіреулерде орналастырыңыз. Әсіресе электр аспаптарын бір нүктеге қосуға жол бермеңіз, бұл электр желісінің шамадан тыс қуаттығына әкеп соқтырады. Қыздырғыштарды киім-кешек кептіру үшін пайдалану да қауіпті, көбіне мұндай қателікке нәзікжандылар барып жатады. Үйді жылыту үшін газ плиталарын қолданбаңыз. Ал үйден шығарда барлық газ және электр қондырғыларының өшірілгеніне көз жеткізген дұрыс.
Жылу маусымы басталар алдында да пештерді жөндеуден өткізіп, мұржаларды күл-қоқыстан айына кемінде бір рет тазартып тұрған абзал. Пешке тамызық ретінде тез жанғыш сұйықтарды қолдануға болмайды. Сондай-ақ пештерді жағуды үйден шығар алдында кемінде 2 сағат бұрын тоқтатыңыз. Ал сіріңке мен жандырғыш құралдарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыз. Себебі дәл осындай немқұрайлықтың салдарынан орын алған апатты жағдайларға да кездескен кездеріміз болды. Реті келсе, балаларды мүлде қараусыз, жалғыз қалдырмаған абзал. Балаларға не деп ренжиміз? Тіпті төсек орында темекі шегіп, өрт оқиғасына себеп болған ересектер де болған.
Дайындалып жатқан тамақтың плитада бақылаусыз қалуына да жол бермеген дұрыс. Газ құю бекеттерінде тұрмыстық газ баллонын толтыруға тыйым салынады. Себебі пропан газы тұрмыстық бутан газына қарағанда әлдеқайда тез кеңеюіне байланысты көп жағдайда жарылыстың орын алуына сеп болып жатады. Естеріңізде ме, осыдан бірнеше жыл бұрын Қызылорда қаласында бір үйдің екі рет отқа оранғаны. Зерттей келе сондағы әріптестеріміз бір үйде болған екі өрт оқиғасының да сол газ баллондарын газ құю бекеттерінен толтырғаннан болғанын анықтады. Көршілес Қармақшы ауданында да осындай жағдай орын алған болатын. Өкініштісі арты қайғылы жағдаймен аяқталды. Қазір бізге тұрмыстық газды, үйімізге кірген көгілдір отынды да пайдаланудың ережесін сақтаған дұрыс. Бастысы сақтансақ, сақтайтынын естен шығармасақ болғаны.
Автокөлікте барлық электр тоқ жүйелері және қондырғылар зауыттан шығарылған болуы тиіс. Біз осыны ескере бермейміз. Қозғалтқыш бөлігі жанармайдан таза болуын қадағалап, майдың төгілуіне жол бермеу керек. Автокөліктердің қосалқы есіктері еркін ашылуы тиіс. Ал қозғалтқышты ашық отпен қыздыруға, қолдан жасалған электр қондырғыларын пайдалануға, жанармай құю станциясында жолаушыларды түсірмей жанармай құюға, автокөлік ішінде темекі шегуге, жанармайдың бос ыдыстарын сақтауға немесе жинауға болмайды. Сондай-ақ аккумуляторды автокөлік ішінде зарядтауға, жанармай сақтау ыдысының аузын ашық қалдыруға, қозғалтқышты бензин, дизель майымен жууға, газ баллондарын тасымалдауға, ашық тұрған, оқшауланбаған электр сымдарын пайдалануға болмайды. Сондай-ақ автокөліктер мінтетті түрде отбасқыштармен қамтамасыз етілуі тиіс. Мұның бәрі балаға айтып отырған ақыл секілді. Бірақ осындай қарапайым ережелердің сақталмауынан сала мамандары мен қарапайым халық төтенше жағдаймен бетпе-бет келіп жатыр.
Қарап отырсақ, атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан жыл сайын аудан аумағында орын алатын оқыс оқиғалар азаймай тұр. Қысқасы, қамсыздық қайғыға душар етпесін десек, жауапкершіліктің басым көпшілігін арқалаған ата-аналар да, тұрғындар да бұдан да сақ болуы, ал біздер оң нәтижеге жұмыс жасауды тоқтатпаймыз. Ал аудан тұрғындары үшін аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары адам өмірінен артық құндылық жоқ екенін, сондықтан суға түскен кезде қарапайым ережелерді сақтау керектігін айтамыз. Сонда ғана тілсіз жаудың қауіп-қатерінен аман қалуға болады.