Kyzylorda-news.kz Облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен «Қауіпсіз орта – қауіпсіз болашақ» жастар акциясы өтті. Шараға облыстың белсенді жастары, мемлекеттік органдардың өкілдері, шығармашылық қоғам өкілдері қатысты.

Басты мақсат – жастарға  қаржылық сауаттылық негіздерін үйрету, алаяқтықтың алдын алу, құмар ойындары мен заңсыз ойын бизнесіне тұсау салу.

− Бұл шара өңір үшін ғана емес қоғам үшін маңызды. Себебі лудомания –  адам өмірінде негативті тұрғыдан басым рөл ойнайтын, әлеуметтік, кәсіби, материалдық тұрғыдан және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық ойын құмарлығы. Сондықтан онымен қоғам болып күресуіміз қажет. Бүгінгі шарада осы мәселе кеңінен қозғалмақ. Қатысушыларға кішкене болса да ой сала алсақ, біздің мақсаттың орындалғаны, − дейді департамент басшысы Аслан Кеңесұлы.

Шара барысында психолог, жастар көшбасшылары түрлі кеңес берді. Мәселен, «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының психологі Жұмакүл Баянова тәуелділіктің себептері мен салдары туралы баяндаса, облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Қорған Өтегенов жастардың әлеуметтік және тұлғалық дамуына ықпал ету мақсатында атқарылған жұмыстарды баяндады.  Кеш соңы мерекелік концертке ұласты.

Тағы да оқыңыз: