Kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданында өткен жазба ақындар мүшәйрасына қатысып, бас жүлде иеленген Мөлдір Тәңірбергенованың қаламынан күрескерлікті байқаймыз. Тағдырдың басқа салған сынағына мойымай, одан жеңімпаз болып шыққанын бірі білсе бірі білмейді.
Тағы бір білеріміз – ол ақын Бекұзақ Тәңірбергеновтің қызы екені. Ортақ әңгіме шығармашылыққа тоғысты. Сондай әңгіменің ортасында өзінің жаман ауруды қалай жеңгенін айтты. Оның бұл батылдығы бізді қайран қалдырды. Әйтпесе, мұндай нәрсені адам аузы батып айта бермейді ғой. Қатерлі ісікпен күресіп жүрген талай жанға рух, қайрат береді деген үмітпен сөзге тарттық.
Жас қыздың оған дейін де тағдыры анау айтқандай, гүлденіп тұрмапты. Мектеп бітіргесін мамандық алып, жоғары оқуға түсуді арман етіпті. Бойжетіп келе жатқанда отбасы арқасүйер әкесінен айырылады. Бекұзақ ақынды республикада танымайтындар кемде-кем болар. Асқар тауы құлап, көңілін мұң басқан перзенті әкесі жайында былайша еске алады.
– Ол кісінің ақындығы бойыма дарыды. Әкем кішкентайымнан алдына отырғызып, «Менің қызым әкім болады, директор болады, ақын болады» деп көп айтушы еді. Соған мәз болатынмын. Әкем айтқандай, әкімқара болмасам да, ақындық қаныма жақын. Өнер қанмен дарығанмен, оны шыңдамаса, адам кітап оқымаса, ортамен араласпаса, сол жолда қызмет етпесе, тұншығып қалады екен. 9-сыныптан бастап өлең жаздым. Алғашқы туындым Фариза Оңғарсыноваға арналып жазылған. Ақын апам түсіме кірді. Тегін емес шығар деп өлең арнадым. Оны көрген әкем дереу газетке бастырып жариялады. «Қызым ақын болады» деп жадырап қуанғанын осы күнге дейін ұмытқан емеспін. 10-сыныпта өмірден өтті. Содан мектепаралық, мектепішілік мүшәйраларға қатысып жүрдім. Облыстық, аудандық жыр бәйгелеріне шықтым. 16 жастан бастап 23 жасыма дейін өлең жазып жүрдім, – дейді.
Мөлдір мектеп бітіргесін оқуға түсе алмайды. Армандаған журналистика факультетіне құжат тапсырғанмен, емтиханнан өте алмаған. Сәттілік оң қабақ бермегендей. Дегенмен, үміт сәулесі қашанда сөнбек емес. Елде 2006 жыл – «Өнер жылы» болып белгіленгені белгілі. Ауыл-аймақтарда өнер саласына деген тың жаңалық, игі істер еніп жатқан кез. Сондай бір сәтте жырау Алмас Алматов ағамыз тектіден қалған тұяқ деп ағалық жанашырлығын жасап, Мөлдірді Қорқыт ата атындағы университеттің ректорына қолынан жетектеп апарады. Десе де, ол жерде жыраулық өнерге ғана мүмкіндік болып, ақын қыздың кандидатурасы оған жарамайды. Ардақты аға оған да тоқтамай, сол уақыттағы облыс әкімінің орынбасары Айтбай Көшербаевқа да ертіп алып кіреді. Ел ағалары ақылдаса келіп, Мөлдірдің ақылы оқуына жол ашып, оған демеуші де табады. Сөйтіп ол ақылы түрде оқуға түсіп, білім алып жатқан болатын. Бірақ «Болашақ» университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бір жыл ғана оқу бұйырыпты. Келер жылы демеуші компания жабылып, жұмысын тоқтатады. Осылайша ол бұл оқуынан шығып қалады. Алмас ағасының мазасын алғысы келмеді де, одан соң бұл тақырыпқа оралмады. Бір себеп – осы болса, бір себеп – жесір қалған ананың қызының сабағына төлеуге шамасының келмегені.
«Өзім төлеп оқып кетуге жағдай көтермеді. Анам ауырып, үйде отырып қалды. Жұмыс істей алмады. Күнкөріспен дүкенде жұмыс істеп жүрдім. Өнер жайына қалды. Оқымаған, дамытпаған, шығармашыл ортаң болмаған соң өнерім қала берді. Әшейінде көкейіме құйылып тұратын жыр шумақтары да жатсынғандай ойым ыдырай берді» дейді ол бастан өткен қиындығын баян етіп.
Өмір өз ағынымен өтіп жатты. 2012 жылы тұрмыс құрды. Алланың сынағы болар, 4 жылдан соң аты жаман аурумен ауырды. Онымен бірнеше жыл арпалысты. Сол жаман немеге диагноз қойған сәт оның ең бір сұрықсыз түсі сияқты. Дегенмен берілуге болмайды. Отбасы, балалар бар артында қарап тұрған. Қандай жағдайда да дертті жеңіп шығуы керек. Аурухананың төрт қабырғасы кейде жалықтырып жіберетін. Ұзақ уақыт ем қабылдау да бітпес істей көрінетін. Аурухана төсегінен үйіне жеткенде одан артық бақытты адам жоқтай болып, қуанышты күй кешетін. Балаларының әжесі мен отағасы оның жайын түсінбегенде әлдеқандай болар ма еді, кім білсін?! Дертпен іштей күрессе, бұл екі кісі де қолдан келгенін аямады. Уақытылы дәрігердің емін қабылдауға қала барғанда енесі аяқтана қоймаған кішкентайларын алып қалып, алаңдауына жол бермеді. Жары болса, емдомына керекті қаражат тауып беріп, жылы сөзімен болашаққа деген сенімін еселей арттырды.
– Басымнан өткен 5-6 жылдағы ауыр халімді жан баласына да тілемеспін. Жақындарымның жанашырлығының арқасында – екінші анам мен жан-жарым Абзалдың қолдауымен жеңіп шықтым. Қайда барып емделу керек, емге не қажет, соның бәрін де жасады. Түсінгенім – бұл дерт жақындарыңның жанашырлығын қажет етеді. Өз-өзіңді тастасаң, жеңу қиын. Бір жағынан рухымды түсірмедім. Жылдар бойы ем қабылдадым, емделуге жатамын. Қай қалаға бар десе, сонда барамын. Осындай кездерде бір қабақ шытпай, маған жылулық сыйлаған аяулы жандарыма және дәрігерлерге алғысым шексіз. Анамыз балаларды ғана қарап қойған жоқ, мені де қарады. Ыстық пешке жақындауға, көп қозғалуға болмайды деген талаптар болды. Сондайда күтінуіме жағдай жасады. Пешке жуытпады. Егер күтімім дұрыс болмағанда, бұл дерттен жазылар ма едім, жазылмас па едім, деген сұрақ тұрады көкейімде. Қазір, шүкір денсаулығым жақсы. Сынаққа сынып кетпедім. Қатерлі ісікті жеңіп тұрмын. Алдын алу шарасы үшін арасында ем алып, тексеруден өтіп тұрамын, – дейді қайсар қыз.
Мөлдір Тәңірбергенова Төретам кентіндегі балабақшаның бірінде жұмыс істейді. Ол бүгінде жұмысын жалғастыру үстінде. Бір кездері өлең жаза алмай қалған ақын қыз жыр әлеміне қайта оралған. Алда жоғары оқу орнына түсіп, мамандық алуды мақсат етіп отыр. Бәрінен бұрын ол – шат күлкілі балаларының, жанұясының ортасында.
