Kyzylorda-news.kz Мемлкет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Арал теңізі тақырыбына тоқталып, оның жаһандық маңыздылығын атап өтті.
Мемлекет басшысы Аралдың проблемасы әлі де өзекті болып қала беретінін және бір елдің шеңберінен шығатынын атап өтті.
«Өткен ғасырдың ортасында адамзат баласы алғаш рет Байқоңырдан ғарышқа аттанғаны – бүкіл әлемге белгілі дерек. Ұлы Жібек жолының бойындағы тарихи өлке жаңа дәуірде де ойдағыдай дамуда. Қызылордаға келіп тұрып, Арал мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емес. Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Мен бұл мәселе туралы халыққа Жолдауымда айттым. Жылдар бойы жүргізілген жұмыстың арқасында Солтүстік Аралды құтқарып қалдық. Қашқан теңіз қайтып, кіші Аралдың қалпына келе бастағанына біраз жыл болды. Қазір Көкарал бөгетін биіктету шаралары қолға алынып жатыр. Жоба осы жылдың соңында басталады. Кіші Аралдың суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік болады. Бірақ бұл – тек біздің қолымызда тұрған мәселе емес. Қазақстандағы ірі өзендердің көбі бастауын көрші мемлекеттерден алады. Дарияның басында тұрған елдердің су саласындағы саясатына байланысты Сырдың суы теңізге әр кезде әртүрлі көлемде жетеді. Демек көп түйткілдің шешімі су саласындағы шебер дипломатияға байланысты. Қазір Орталық Азия елдерінің бәрімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалды. Түптеп келгенде, Арал ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын шешу үшін көршілермен мәмілеге келіп, келісімдерге қол қоюымыз қажет».
Оның айтуынша, көп жылдық мақсатты жұмыстың арқасында Солтүстік Аралды сақтап қалуға мүмкіндік туды. Тоқаев теңізді қалпына келтіру жобасы басталғаннан бері бес жыл өткенін еске салды.
Президент Арал өңірінің экожүйесін қалпына келтіру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырудың және осы мәселені шешуге халықаралық қоғамдастықты тартудың маңыздылығын атап өтті.
Өткен жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысы Аралдың су ресурстарын ұтымсыз пайдаланудың үлгісі болғанын айтты.
Дереккөз: Қазақпарат
Фото: Нұрболат Нұржаубай
