Kyzylorda-news.kz Қазір несиесіз жаңа техника, қымбат байланыс құралын ұялы телефонды алу мүмкін емес. Үйлену – несие, үй алу – ипотека. Қызығы сол, тойға бару да, несиеге тіреледі. Алғанда тегін келген ақшадай құдды. Бірақ, қарызды өтер кезде тосылып қаламыз. Айлығымыз шайлығымызға жетпей, жетсе барар жердің бір мүйіші шығып тұрады. Солай қарызды өтеу кейінге шегеріле береді, шегеріле береді. Үстіндегі өсімпұлы өсе береді, өсе береді. Картішке бұғаттауда қалады. Айлық банкке өтіп отырады. Кімге пайда, кімге зиян?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, тұтыну несиесін беру сегментінде кейінгі үш жылда өсім байқалған. Қазақстандықтар 18 триллион теңгеге несие алған. Ал, несие алушылар саны – 8,4 миллионнан асты. Салыстырмалы түрде, былтыр бюджетке жалпы – 17,8 триллион теңге түседі деп жоспарланса, алынған несиелер көлемі одан да асып отыр.

Проблемалық қарыздар бойынша, 1,7 миллион қазақстандық 90 күннен астам уақыт бойы несиесін төлей алмай жүр. Олардың қарызы 1,4 триллион теңгеден асады. Бұдан бөлек, ел тұрғындары рәсімдеген онлайн-микрокредиттер көлемі – 197 миллиард теңгені құрайды. Қарыз алушылар саны – 1,09 миллион адамға жетті. Осының бәрі, несие проблемасының қаншалықты асқынып кеткенін көрсетеді.

Қазір банктерден шектеусіз кредит алып, қарызға белшесінен батып отырғандар қатарында қазалылық азаматтар көп. «Халық несие қамытын киіп отыр» десе де болады. Адамдардың несиеге тәуелділігі мен қаржылық сауатының төмендігі үлкен әлеуметтік проблемаға айналды. Көбінің айтатыны – несиеге тәуелділік. 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 500 мың азаматтың кепілсіз кредитін кешіру туралы шешім қабылдаған еді. Бұл шешім мәселені одан әрі ушықтырып жіберген сыңайлы. Өкінішке қарай, кредит кешірілгеннен кейін қаржы секторында кредит көлемі қайтадан өскен. Оның ішінде, проблемалық кредиттер де өсіпті. Егер, мемлекет қаражатын бөліп, қайта-қайта кешіре берсе, одан да көп жаңа кредиттер көбейеді. Бұл – мамандар қаққан дабылдың бірі.

Мұқтаждық па, әлде қажеттілік пе?

Асыға күткен айлық түскенде, оның көбі несиеге кетеді. Рас қой. Осындайда «бұл кредит болмағанда, ақшам бәріне жететін еді» деп өкінеміз. Ал, сол табысымыздың өспеуі, ақшамыздың жетіспеуі, несиеге байланысты емес пе?! Сол қарызға жоламайын десек те, әйтеуір, қалай алғанымызды білмей қаламыз. Біреу – қажеттіктен алса, енді бірі – мұқтаждықтан алады. Бірі – қымбат телефонмен мақтанғысы келеді, бірі – тойға барғысы келеді. Дегенмен, қарыз алдық, қарекетті кім жасайды? Мейлі, денсаулығымыз жарамай қалды, жұмыстан шығарып жіберді. Ай сайынғы төлемді жасауға мүмкіндігіңіз мүлдем жоқ. Не істемек керек?

Жалпы, несиені қайтара алмаудың екі себебі болады екен. Біріншісі, «ұмытып кету» немесе салғырттық. Көпшілігіміздің қарызды қайтаратын күнге дейін асықпайтынымыз рас. Банктердегі адамдар өз жұмысын атқарып отыр. Бірақ, оған қарамастан «екі күн ұмытып кеткенімді кешіруі керек қой» дейтіндер де табылады. Екіншісі, несиені уақытылы қайтара алмауға маңызды себептер болады. Мұндай жағдайда қандай қарекет жасаған жөн?

Ең алдымен, бірінші сұраққа жауап. Банктен алған несие әрқашан заң бойынша рәсімделеді. Себепсіз қайтармаған, ұзақ уақытқа «ұмытып» кеткен жағдайда, заң арқылы жауап беруге тура келеді. Мұның салдары үлкен. Одан соң несие тарихы бүлініп, «қара тізімге» енеді. Оның нашар клиент екені жайындағы ақпаратқа барлық банк құлағдар болады. Сосын несие кепілдікпен болса, сот арқылы, немесе сотқа дейін-ақ, кепіл заты сатылады. Несие кепілдіксіз болса, сот арқылы банктердегі есеп-шот жабылады. Есеп-шоттарға, мәселен, жалақы картаға түсетін барлық сома бірден банк алдындағы қарызды жабуға кетеді. Одан соң, қарыз алушы шетелге шыға алмайды. Әуежайдан ары қарай аттатпайды. Бұл тек, несие төлемеген кезде ғана емес, алиментке де қатысы бар.

Егер, несиені қайтара алмауға лайықты себеп болса ше? Мәселен, денсаулық жарамай қалды. Жұмыстан шығарып жіберді. Төлем жасауға мүмкіндік болмады. Бұдан шығар жол бар ма? Банктерде де, адамдар жұмыс істейді. Аса қиын жағдайларда олардың да, ұсынатын шешімдері бар. Ол үшін алдымен, банкке хабарласу керек. Өсімпұл мен айыппұл, сотқа шақыртуды күтпей-ақ, банкке өзі барған жөн. Банк мұндай жағдаймен бірінші рет ұшырасып тұрған жоқ. Олардың форс-мажорлық жағдайда жасайтын ұсыныстары міндетті түрде болады. Банкке келіп, төлем қабілеті аяқ асты нашарлағанын дәлелдеудің арқасында екі жаққа да, қолайлы нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігі бар. Бұдан ең болмағанда, несие тарихын сақтап қала алады.

– Ұлдарымды қатарынан үйлендіріп, несиеден-несиеге қарыздан белшеден баттым. Бірінен соң, бірі айналып келе берді. Айлығым тек, біреуін жабуға жететін. Солай не істерімді білмей банкке бардым. Жағдайымды айттым. Өйткені, жұбайым жұмыстан аяқ асты шығып қалды. Солай банктен қолайлы төлем жасауға көмек алдым. Қарап отырсам, әлі бірнеше жыл осы қарызды өтейді екенмін. Барынша, несиеге жоламаған жөн, – дейді Қазалы ауданының тұрғыны Роза Әбсаттарова.

Қарыздан шығар жол қайда?

Қазақстан билігі жұрттың «кредитке тәуелдігін азайтуды» көздейтін науқан өткізіп, қаржы нарығын реттейтін жаңа заң қабылдағанымен, несие алатындар да, оны кешіктіріп төлейтіндер де көбейді. Кейінгі жылдардағы жаппай кредит алу құбылысын өткен жылдардағы індеттен кейін күшейген экономикалық дағдарыс ушықтырып жіберді.

Қазалы ауданына қарасты маңайдағы ауылдардың бірінде тұратын 42 жастағы келіншек (аты-жөні өтініші бойынша жасырылды – ред.) – бес баланың анасы. Өз мамандығы бойынша жұмыс болмаған соң, көше сыпырушы болып жүр. Күйеуі болса, жұмыссыз. Арасында мерзімі келгенде, азын-аулақ табысы бар қара жұмысқа жегіліп отырады. Отбасын асырап отырған сол отанасы ғана. Айлығы елдегі ең төменгі көрсеткішті құрайды. Үйдің үлкені отау құратын болған соң, тойға деп, қомақты көлемде несие алыпты. Үй жөндеуіне алғаны тағы бар.

– Үлкен ұлым келін әкелмекші болды. Қатардан қалмасын деп кредит алдым. Үй ішінің де жөндеуіне ақша болмай, құрылыс материалдарына керек қаржыны кредитке алдым. Оларды төлей алмай қалдым. Соны төлеу үшін үшіншісін алдым. Қайтемін енді? Сөйтіп, бір банктегі кредитімді жаптым. Қазір екі кредит қалды. Төлеу қиын болып жатыр, – дейді ол.

Әлеуметтік төлемнен қалған ақшаны азық етеді. Қалғанын айлығымен қосып несиеге төлейді. «Қарыздарыңыз тұрмысқа қалай әсер етіп жатыр?» дегенімізде, ол «тәтті тамақты ұмыттық қой» деп қысқа қайырды.

Ал, берешегі көбейіп, онлайн несиені бірінен соң, бірін алған Әйтеке би кентінің тумасы Айбек есімді тұтынушы қазір екінші жыл қарызын төлей алмай отыр. Алған өзі, қайтаратын да өзі. Дегенмен, несие сот орындаушыға өтпей тұрып, коллекторлардан түрлі қоқан-лоққы көрген. Жақындарын, туыстарын мазалап, әбден берекесі кеткен. Әрине, коллектор қарызды қайтару үшін барын салады. Ол тек, заң жүзінде ғана болуы керек. Кейбір адамдар коллектор қыспағынан үрейленіп жүреді. Тіпті, өз-өзіне қол жұмсағандардың бар екенін де, айта кеткен жөн. Қарыз аларда арты не боларын бір рет саралап көрсе, мұндай қиындықпен ұшыраспас еді. Дегенмен...

Жаңа заңның септігі тиді ме?

Қазақстанда кредит амнистиясын жариялауды депутаттардың да, оппозициялық саясаткерлердің де, жиі айтып жүргенінен-ақ, елде несие мәселесінің масштабы қаншалық зор екенін түсінуге болады. Қазақстан тарихында алғаш рет кредит амнистиясы 2020 жылы шілдеде – елде әлеуметтік наразылық күшейіп тұрғанда жүргізілген еді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен бюджет есебінен әлеуметтік әлсіз топтар санатына кіретін 500 мыңдай адамның 300 мың теңгеге дейінгі кредиті кешірілген болатын. Одан соң, Президент қаржы нарығын реттейтін заңға өзгеріс енгізді. Бұл құжатқа сай, 2020 жылдың қаңтарынан бастап, табысы күнкөріс минимумынан, яки – 31 183 теңгеден аз азаматтарға кредит беруге тыйым салынды. Бірақ, бұл жұрттың кредитке жүгінуін азайта алмады. Ұлттық банктің қазандағы дерегінше, 2020 жыл басынан бері азаматтардың несие алуы – 5,7 процентке өскен. Ал, кредитін үш айға дейін кешігіп төлейтіндер бір жылда – 142 процентке артқан.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, жүргізілген талдау нәтижесінде 4 жыл бұрын несиесі кешірілген адамдардың көпшілігі қайтадан кредит алғаны анықталған.

«Өкінішке қарай, 2019 жылғы амнистияға іліккен борышкерлердің көпшілігі қазір қайтадан несие алып алған. Ал, кейбірі несие төлемін кешіктіріп, ол проблемалық борышқа айналған» – деді агенттік басшысы.

Әбілқасымова бұл ретте азаматтардың төлем қабілетін дұрыс бағалау мәселесі туындайтынын айтады. Ал, бүгін Мәжіліс қарауына ұсынылған заң жобасы несие беру стандарттарын күшейтуге бағытталған. Одан бөлек, кредитін төлей алмай жүрген борышкерлердің қарыз жүктемесін азайту міндеті қойылған. Бұған дейін, ол халықтың несие қарызын мемлекет есебінен кешіру науқаны қайталанбайтынын мәлімдеген. 2019 жылғы 26 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» шыққан еді. Соның негізінде, 3 миллион теңгеге дейін қарызы бар 500 мың азаматтың борышы кешірілген. Азаматтардың қарызын кешіру мемлекет қазынасына – 115 миллиард теңгеге түскені белгілі. Одан кейін де, халықтың қарызын кешіру мәселесі бернеше рет көтерілген. Айталық, 2021 жылы Мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаев қазақстандықтардың мерзімі өткен берешегі – 199 миллиард теңге болатынын, бұл мемлекет үшін «үлкен сома емес» екенін айтып, қарызды кешіру туралы ұсыныс тастады. Алайда, экономист Арман Байғанов несие рақымшылығын жариялауға болмайтынын, бұл экономиканың қаржылық ахуалын күйретіп кететінін айтқан. 2023 жылғы наурыздан бері, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығы бойынша, берешегі өтелмеген несиені коллекторлық агенттіктерге сатуға тыйым салу мәселесі көтерілді. ҚНРДА 2022 жылдан өтелмеген қарызды коллекторларға бермес бұрын, реттеу процедурасын жүргізуді талап еткен болатын.

Қазіргі кезде елде жеке тұлғалар алған несиенің жалпы көлемі – 18 триллион теңгені, ал, қарыз алушылардың саны – 8 миллион адамды құрайды. Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, тұтынушылық кредит беру сегментінде соңғы үш жылда өсім байқалған.

Дефолттар мен банкроттыққа кімдер душар болады?

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтыр Қазақстанда 18-ден ересек 13 миллион адам болған. Басым көпшілігінің, яғни, 53 процентінің қолданыстағы қарызы бар. Олардың мойнындағы кепілсіз тұтынушылық несиенің (RETCON) жалпы берешегі – 6,9 триллион теңгеге жеткен. Ипотекалық несиелер (RETEST) мен автонесиелер (RETCAR) сомасы – әрқайсысы бойынша – 1,6 триллион теңгеге тең болды. Талдау қорытындысында белгілі болғандай, қарыз алып, қайтара алмай қалған жеке тұлғалардың 52 пайызы – ер, 48 пайызы – әйелдер болған. Бұл ретте ер адамдар бес жыл ішінде дефолтқа түскен қарыздар EAD-сінің (DEFAULT EAD) 59 пайызын қамтыды. Ерлерге қарағанда, әйелдердің несиеге ұқыпты қарап, мезгілінде төлеуге тырысатыны байқалады. Тиісінше, әйелдерге қарағанда, ерлердің несиесі көбірек кешірілген. Қаржылық реттеу агенттігінің мәліметінше, есептен шығару статистикасында заемдардың саны бойынша да (52%), кешірілген берешектің сомасы бойынша да (59%) ерлер басым түсті. Ендеше, банктердің ең жақсы тұтынушысы әйелдер болып отыр. Кешірілген немесе сомасы азайтылып төленген несиелердің 41 пайызы ғана әйелдерге тиесілі. Соған қарамастан, банктер сомасы – 15 миллион теңгеден асатын ірі несиелерді ерлерге көбірек береді. 2 миллионға дейінгі ұсақ заемдарда ғана әйелдердің үлесі басым.

Елде ең көп несие алатын жастағылар анықталды. Ведомство борышкерлерді жас шамасына қарай да бөліп көрсеткен. Агенттіктің хабарлауынша, Қазақстанда жеке қарыз алушылардың көпшілігін «Миллениалдар» деп аталатын 1982-2000 жылдар аралығында туған адамдар қамтыған. Яки, банктердің негізгі заемшылары да миллениалдар. Бір жақсысы, ғасырлар тоғысында туып-өскен бұл ұрпақ өзін жауапты тұлға ретінде көрсете алған. Соның арқасында миллениалдардың жалпы, несиелік тарихы, несиелерінің сапасы басқа ұрпақтарға қарағанда жақсы.

Кепілдігі бар қарыздар бойынша дефолттар мен банкроттыққа көбінесе 1963-1981 жылдар аралығында дүниеге келген Х (икс) ұрпағының қарыз алушылары жол береді. Несиені кешірудің қызығын да солар көбірек көрген. Ал, кепілсіз қарыздар бойынша дефолттар статистикасында, керісінше, миллениалдардың, әсіресе, ер адамдардың қарасы қалың болып шықты. 1943-1962 жылдар аралығында, соғыстан кейінгі кезеңде туған аға ұрпақ, яғни бэби-бумерлер арасында көбіне-көп әйелдер кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша дефолттарға тап болды. Ал, 2001-2005 жылдары туған Z ұрпақта, ерлері арасында да кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша дефолтқа душар болудың алғашқы деректері тіркеліп жатыр. Қарыз алушылар арасында әзірге бұл ұрпақтың қатары аз.

Ведомство тосын жайтты да жария етті. Бұл ретте, елде ең көп несие алған рекордсмендер анықталды. Дербес құпияны ашпау үшін ведомство ол кісілердің атын атамады. Бір белгілісі, әйелдер арасындағы рекордшының басындағы несиелерінің саны ерлер арасындағы рекордшыдан екі еседей асып түсті. Орташа алғанда, Қазақстанда ерлер мен әйелдер екі қарыздан алады. Алайда, әйелдер негізінен өздеріне ұсақ қарыздарды көп ресімдейді. 2023 жылы бір ғана ер адам алған қарыздардың ең көп саны – 69 заемды қамтыды. Бұл алдыңғы жылғы ең көп қарыз алған ер адамнан 10 несиеге кем. Ал, әйелдер арасында ең көп қарыз алған адам өзгермей қалды және ол 116 заемға ие.

Қазір біреу «несием жоқ» десе, оған таңырқай қарап, «неткен бақытты адамсыз» деп жатамыз. Расымен, басында қарызы жоқ адам бақытты адамдай көрінеді бізге. Айтып, айтпай не керек? Дұрысы сол – несиеге жоламағаны. Ал, жоласақ – уақытылы өтеу абзалырақ. Несие несібе бола ма? Ой сүзгіден өткізіп көріңіз.

Айнұр ӘЛИ

Тағы да оқыңыз: