Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында партия алаңында азаматтарды тақырыптық жеке қабылдау өтті. Қабылдауды жоба өкілі Балдырған Мәмен жүргізді.
Кездесу барысында тұрғындар несиелік міндеттемелер, берешек жүктемесі және қаржылық қиындықтарға қатысты өзекті мәселелерін көтерді. Азаматтардың бір бөлігі тұтынушылық несиелер бойынша төлем қабілетінің төмендеуіне байланысты қарыздарын қайта құрылымдауға көмек сұрады. Сонымен қатар, банк алдындағы берешектерді өтеу мерзімін ұзарту және айыппұл санкцияларын азайту мәселелері де талқыланды.
Қабылдауға келген тұрғындардың бірі жеке мақсатта алынған несиелерін уақытылы өтей алмай отырғанын айтып, қарызын жеңілдету жолдарын қарастыруды өтінді. Тағы бір өтініш иесі бірнеше банктен алған несиелерін біріктіріп, ортақ төлем кестесін жасауды сұрады. Сондай-ақ, қаржылық жағдайының қиындауына байланысты төлем мерзімін кейінге шегеру және пайыздық жүктемені азайту бойынша кеңес алғандар да болды.
Бұдан бөлек, азаматтар банкроттық рәсімі, жеке сот орындаушылармен жұмыс және коллекторлық ұйымдармен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша сұрақтар қойды. Барлық өтініштер бойынша заңнама аясында түсіндірмелер беріліп, нақты іс-қимыл алгоритмдері ұсынылды.
Қабылдау қорытындысы бойынша азаматтарға несиелерді қайта құрылымдау, төлем мерзімін ұзарту және берешекті кезең-кезеңімен өтеу жолдары түсіндірілді. Жекелеген өтініштер бойынша екінші деңгейлі банктер мен тиісті қаржы ұйымдарына ресми хаттар жолдау мүмкіндігі қарастырылуда.
Барлық көтерілген мәселелер жеке бақылауға алынып, әрбір өтініш бойынша тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілетін болады.
