Kyzylorda-news.kz. Тереңөзек кенті мәдениет үйінде Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының ұйымдастыруымен «Қаржылық бұзушылықтардың алдын алу және қаржылық тәртіпті нығайту» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді.

Семинар-кеңеске облыстық тексеру комиссиясының мүшелері Мирамбек Сатлабаев пен Талғат Ілиясов, облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Қайрат Тұрымтаев, Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев, Сырдария аудандық қазынашылық басқармасының басшысы Зағира Рахымшаева, дербес бөлім басшылары, ауыл әкімдері, мекеме басшылары мен сала мамандары қатысты.

Аталған семинар-кеңесті ашқан облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Талғат Ілиясов күн тәртібіндегі мәселені таныстырды. Өз кезегінде «Мемлекеттік аудитпен анықталған бұзушылықтар мен олардың алдын алу мәселесі»  тақырыбында Мирамбек Сатлабаев баяндама жасаса, «Ішкі мемлекеттік аудит нәтижелері мен мемлекеттік сатып алу заңнамасындағы өзгерістер туралы» бойынша Қайрат Тұрымтаев мәлімдеді. Сонымен бірге Зағира Рахымшаева «Мемлекеттік мекемелердің төлемдер жүргізу кезіндегі өзекті мәселелері туралы» тақырыбында жан-жақты мәлімет келтірді. Сала басшылары мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қаржылық бұзушылықтардың алдын алу және қаржылық тәртіпті нығайту мақсатында бірқатар түсіндірме жұмысын жүргізді. Қаржылық бұзушылыққа итермелейтін жекелеген факторларға тоқталды.

– Кез келген мекемеде қаржылық сауаты қалыптасқан есепші мамандар жұмыс істейді. Күнделікті жұмыс процесінде олқылықтарға жол бермеуі тиіс. Сондықтан да олардан қаржылық сауаттылық талап етіледі. Өз кезегінде сала мамандары тиімді және сапалы жұмыс жасауына бағыт-бағдар беретін бүгінгі семинардың көмегі зор. Біз қашанда сауатты әрі сапалы іс жүргізе білуіміз керек, – деді Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Талғат Мейрамханұлы.

 

Тағы да оқыңыз: