Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті өңірде қаржы пирамидаларының жолын кесу және олардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді.
Департамент басшысының орынбасары Руслан Нұрланұлының айтуынша, қаржы пирамидалары азаматтарды жоғары табысқа кенелтеміз деген жалған уәдемен алдап, олардың қаражатын заңсыз иемденуге бағытталған қылмыстық схема болып табылады.
Есептік кезеңде облыста 5 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды. Тергеу барысында жәбірленушілерге келтірілген залал көлемі 59 миллион теңгеден асты. Сот үкімдері негізінде мемлекет кірісіне құны 5,6 миллион теңгелік автокөлік пен 2,9 миллионнан астам USDT криптоактивтері тәркіленді. Сонымен қатар қаржы пирамидасының белгілері бар 3500-ден астам интернет-сайт бұғатталған.
Жуырда «Fari Invest» қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Тергеу барысында ұйымдастырушы азаматтарды әлеуметтік желілер мен WhatsApp арқылы инвестиция салуға үгіттеп, жоғары табыс, алтын бұйымдар мен iPhone ұтып алу мүмкіндігін уәде еткені анықталған. Сот оны кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру және инвестициялық қызметпен айналысу құқығынан 7 жылға айыру жазасын тағайындады.
«Бүгінгі таңда департамент жұмысы жазалау бағытынан алдын алу бағытына қайта бағдарланып отыр. Азаматтарды күмәнді инвестициялық ұсыныстарға сенбеуге, кез келген жобаның заңдылығын мұқият тексеруге және тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамыз», – деді Руслан Нұрланұлы.
Мамандар қаржы пирамидаларын ұйымдастырумен қатар оларды жарнамалау да қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертіп, блогерлер мен жарнама таратушыларды жарияламас бұрын жобалардың заңдылығын тексеруге шақырды.

Сурет: Fingramota.kz
