Kyzylorda-news.kz 2009 жылы АҚШ-та бүкіл әлемді елең еткізген сот болды. Америка соты адамзат тарихындағы ең ірі қаржы пирамидасын ұйымдастырғаны үшін Бернард Мейдофф есімді алаяқты 150 жылға соттады. Ол Америкадағы ең бай адамның бірі еді. Байлыққа алаяқтықпен жеткіндіктен АҚШ соты осындай шешім қабылдады. Бұл қадам арқылы Америка қаржы пирамидасын ұйымдастыратындарға қатаң шара қолданатынын көрсетті.
Ескі жол, жаңа схема
Негізінен алаяқтықпен күрес мәселесі әрбір елде өзекті. Ұсталып, құрықталып, тұтқындалып жатса да елдің сеніміне кіріп, арампиғылын жүзеге асыратындар азаймай отыр. Әсіресе қаржы пирамидасын ұйымдастыратындар айылын жияр емес. Жалпы қаржы пирамидасының өзі заңсыз тұрғыда азаматтардан ақша өндіріп алудың бір түріне жатады. Анығын айтқанда сенімге кіріп жымқыру ғой. Олар көбіне инвестиция немесе бизнестің кез келген түрімен айналысатын адамның образын сомдауы мүмкін. Мұндай алаяқтар осы жолды негізгі қағидат етеді. Олар көбіне жаңа қатысушыларды тартуға және олардың жарналары арқылы пайды табуды көздейді. Қарапайым үлгісі ретінде «Өзің 10 мың теңге беріп кіресің, артыңнан 5 адам тартасың. Олардың әрқайсысы 5 адамнан тартқанда сен биікке көтеріліп, солардың аударған ақшасын алып отырасың», деп жұмыс істегендерін айтуға болады. Бұл схемаға да сенгендер аз емес.
Бүгінде қаржы пирамидасының түрі де көбейді, деңгейі де жетілді. Халықтың қаржылық сауаттылығын көздейтін Fingramota.kz-тің мамандары осы сұраққа жауап іздепті.
– Қаржы пирамидасының түрлері: көпдеңгейлі пирамидалар, желілік маркетинг қағидаты бойынша құрылған пирамидалар, мессенджерлерде шақыру жіберу схемасын қолданатын пирамидалар, эксклюзивті клубқа қатысу, – делінген Fingramota.kz ұсынған ақпаратта.
Дерек көзіне сенсек, қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылардың соңғы ойлап шығарған схемасының бірі биылғы сәуірде Алматы қаласында анықталған. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметі бойынша, Warner Bros, Roborock және NET+TRX деп аталатын компаниялар салымшыларды «трейлер көруден жоғары пайда аласың» деген сылтаумен жобаларға инвестиция салуға шақырған.Жоба тоғыз деңгейден тұрды, салымның орташа сомасы - 225 мың теңге, төлем тек USDT криптовалютасында қабылданған. Warner Bros компаниясында салымшылар арнайы қосымшаға тіркеліп, криптовалюта үшін трейлерлер көруге мүмкіндік алады және трейлерлерді көргені үшін, сондай-ақ жаңа салымшыларды шақырғаны үшін есептелетін сыйақы алды-мыс. Алайда, іс жүзінде олар ақшаларынан айырылып қалған. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр, сол себепті зардап шеккендер саны мен шығынның мөлшері жөнінде нақты деректер жоқ, бірақ соттың санкциясымен 3,8 миллион USDT крипто активтеріне тыйым салынғаны белгілі болды.
Мейдоф пен Мавроди ісін жалғастырушылар
Мақаланың әлқиссасында қаржы пирамидасын құрғаны үшін АҚШ соты Бернард Мейдофты 150 жылға соттағанын жазғанбыз. Енді осы мәселеге нақтырақ тоқталсақ. Негізінен, Бернард дүние жүзіндегі ең бай адамдардың қатарында болған. Ол 1938 жылы Нью-Йоркте еуропалық азаматтардың отбасында өмірге келген. 1956 жылы сол қаладағы әйгілі Far Rockawayмектебін тәмамдайды. Жас кезінен жүзумен айналысқан Бернард араға төрт жыл салып Хофстра колледжін бітіреді. Оқып жүріп жағажайда құтқарушы және бақшалық қондырғылар құрылысын монтаждаумен айналысады. Жұмыс жасап тапқан бес мың долларына ол 1960 жылы Madoff Investment Securitiesдеп аталатын фирмасын ашады. Кәсіпте табысты бола бастаған Бернард он жылдан кейін бауыры Питер мен Роджер, Шан есімді жиендерін және Марк пен Эндрю атты ұлдарын өз ісіне тартады.
Мейдоффтың бизнесі жыл өткен сайын өркендей береді. Ол тіпті,NASDAQатты америкалық қаржы қорын құруға қатысады. Madoff Investment Securities фирмасы осы биржаның саудасымен айналысатын ең ірі фирмалардың бірі болды. Б.Мейдофф 1990 жылдардың басында NASDAQ-тың директорлар кеңесінің мүшесі әрі оның төрағасы қызметін атқарды.
Бәрі осылай жалғасып жатқан. Бір күні жинаған дүние мен байлықтың бәрі құрдымға кететінін кім білген? Өйткені, ол адамзат тарихындағы ең ірі қаржы пирамидасын ұйымдастырған болып шықты. Бернард құрған алаяқтық жүйе 50 миллиард қаржыны құрдымға жіберіп, 3 миллион адамды күйзеліске ұшыратқан. Бұл қаржы пирамидасының күйреуі 2007-2008 жылдардағы Америкадан бастау алған қаржы дағдарысымен тұспа-тұс келді. Оған көптеген америкалық банктер мен халықаралық қорлар ақша салған деседі. Дегенмен, 2009 жылы Бернард ұсталды. Көптің көз жасы жіберсін бе? Нью-Йорк соты оны 150 жылға соттапты. Бернард жайлы биыл «Лжец. Великий и Ужасный» деген фильм де шықты. Мейдоффтың рөлін Роберт Де Ниро сомдап шықты.
ТМД елдеріндегі ең үлкен қаржы пирамидасын құрушы ретінде Сергей Мавродиді атап өтуге болады. Ол «МММ» компаниясын құрып, 15 миллионға жуық салымшы жинаған. Оның негізін қалаған Сергей Мавроди ұсталып, жазасын өтеп те шықты. Әйтсе де одан кейін де бірнеше қаржы пирамидасын құрған деген дерек бар.
Зертеушілер алаяқтықтың бұл түрі 1919 жылы пайда болған деп тұжырым жасайды. Қазақстанда бұл қылмыс 1994 жылы анықталған. Содан бері халық қаржылық тұрғыдан сауаттанды десек те, қаржы пирамидасының құрбаны аз емес. Әлі күнге дейін солардың тұзағына түсетіндер бар. Мысалы, «Qnet», «Finiko», «Mudarabah Capital» секілді қаржы пирамидасын құрғандарталайды сан соқтырды. Басқасын айтпағанның өзінде криптовалюта саласына негізделген пирамида«Finiko оқиғасын» ғана мысал етейік. 2021 жылы Қазақстанда «Finiko» қаржылық пирамидасы жабылған кезде оның әсерінен 40 мыңнан астам азамат зардап шеккені белгілі болды. «Finiko» ұйымдастырушылары адамдардан айласын асырып, олардан 100 миллион доллардан астам ақша жымқырған.
Алдаудың да, арбаудың да жолы көп
Осы ретте букмекерлік пирамидалар мен жасырын ойын-казинолардың да бар екенін айта кеткен жөн. Fingramota.kz-те «заманауи қаржы пирамидалары букмекерлік кеңселер ретінде жасырынып, клиенттерді кепілдендірілген ұтыстар туралы уәделермен белсенді түрде қызықтырады. Лицензиясы бар және әр ставка бойынша кассалық немесе электронды чектер мен купондар беретін ресми букмекерлерден айырмашылығы, алаяқтық схемалар лицензиясыз жұмыс істейді және көп жағдайда мессенджерлер арқылы жалған чектер жібереді» деген дерек келтірілген.
Мұндай «букмекерлік» пирамидаларды ұйымдастырушылар «серіктестік бағдарламалар» деп аталатын бағдарламаларды белсенді түрде енгізіп жатыр дейді мамандар. Қатысушыларға кіріс ставкаларды ұтып алудан емес, жаңа клиенттерді тартудан уәде етіледі. Қатысу үшін белгілі бір соманы салып, кем дегенде екі жаңа клиентті әкелу керек. Тартылған әрбір қатысушы үшін дивидендтер уәде етіледі, бұл іс жүзінде жаңа салымдар арқылы қаржы пирамидасын дамытудың классикалық схемасы болып табылады. Міне, мәселе қайда жатыр. Алдаудың да, арбаудың да жолы көп.
Елімізде электронды казино мен интернет-казино қызметіне тыйым салынған. Әйтсе де, Fingramota.kz-тің мәліметіне сенсек, Алматыда Parimatch, Triumph, «Фаворит» және PROFITBetting букмекерлік кеңселерінің басшылары заңды бизнеспен қатар өз мекемелерінің қабырғаларында жасырын онлайн-казино ұйымдастырған.
Қаржы пирамидасынан ақшаны қалай қайтаруға болады?
Егер қаржы пирамидасының арбауына түссеңіз ақшаны алай қайтаруға болады? Хоум кредит банк сайтына жарияланған материалда Диана Жигалова осы сұрақтың жауабын іздепті. Оның сөзінше, қаржы пирамидасы құлдыраса ақшаны қайтару қиын. Әйтсе де мүмкіндікті жібермей қайтаруға тырысу керек.
Мұндай жағдайда алдымен аударымды растайтын құжаттарды, хаттарды, хабарламаларды жинап, барлық ақпаратты, яғни салынған ақша сомаларын, күнін, пирамидаға шақырған адамдардың нөмірлерін сақтаған жөн. Полицияға жүгініп, алаяқтық туралы өтініш беріп, бар дәлелдемелерді ұсынған дұрыс. Сонымен қатар осы салада тәжірибелі әрі білікті адвокат жалдаған да артық болмайды. Өйткені мүддені заңды жақсы білетін маманның қорғағаны жөн.
Бұдан кейін ақшаны алушыға оны қайтаруды талап етіп, шағым жіберген дұрыс. Онымен қоса Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым берген абзал.Сотқа жүгінуді ұмытпау керек. Сот ұйымдастырушылардың шоттары мен мүлкіне тыйым салуы мүмкін. Бұл – ұзақ және күрделі процесс, бірақ басқа жолмен ақша қайтару мүмкін емес.
Көптің қарғысын емес, алғысын алған көгереді
Қызылордада қаржы пирамидасының жұмыс істегені анықталып, 5 адам сотталды. Олар 2019-2022 жылдар аралығында 51 адамнан 63 млн теңгеден астам ақша жинаған. Тергеу кезінде адамдар 840 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін ақша салғаны белгілі болды.
Қазақта «өтіріктің арты бір-ақ тұтам» деген сөз бар. Жұрттың көз-жасына қалып, арамдықпен жиған байлық алысқа апармайды. Мақаланың басын Бернардпен бастадық қой, Бернардпен аяқтайық. Байлығында есеп жоқ Бернард та әшкере болды. Шынында, қаншама байлығы оны сотталудан құтқара алмады. Балалары да қайғылы жағдайға ұшырады. Оның Марк есімді ұлы 2010 жылы өз үйінде дарға асылған күйінде табылды. Ал екінші баласы Эндрю 2014 жылы рактан қайтыс болды. Қазақта «көптің қарғысын емес, елдің алғысын алған көгереді» деген сөз бар. Біздің айтқымыз келгені де – осы.
Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ
Фото: Fingramota.kz