Kyzylorda-news.kz Бүгін «AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасының аймақтық жұмысшы топ өкілдерімен кездесіп, аймақта жүзеге асу барысын пысықтап, жоба аясын кеңейту, келер жылға жүрігізілетін жұмыс жоспарды пысықтады.
Биыл облыс бойынша «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 11 мың азаматты қаржылық сауаттылық бағытында оқыту жоспарланса, бүгінге олардың 90 пайызы, яғни 9 861 азамат оқу курстарынан өтті.
Мұнан бөлек аталған жоба аясында 3 мыңнан астам азаматқа сарапшылар мен заңгер тарапынан жеке консультациялар өткізіліп, оларды жұмысқа орналастыру бойынша enbek.kz порталына тіркеуден бастап олардың банктермен борыштық сұрақтарын реттеу, жеке кәсіп ашу, бизнес жоспарлар даярлау, депозиттер ашу, отбасылық бюджетті құрау және «Стоп кредит» қызметін пайдалану түсіндірілді.
Отырыс барысында «Қарызсыз қоғам» жобасының Қызылорда облысы бойынша менеджері, сертификатталған тренер, ментор – Наталья Мишукова жоба аясында алдағы жылы жасалатын жұмыс жоспарларымен бөлісті.
Айта кетейік, азаматтарға консультациялық көмек көрсету үшін барлық өңірде «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңселері құрылды. Мұнда арнайы мамандар қарызға белшеден батып, үмітін үзгендерге нақты қолдау көрсетіліп, қолда бар қаражатқа өмір сүруге, қажетсіз несиеден бас тартуға үйретіп жатыр.